«Жұмыспен қамту» шарасының мәні зор

АЛМАТЫ. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының ІІМ-нің арнайы нұсқауына сәйкес демалыс барысында кәмелетке томағандар тарапынан орын алатын құқықбұзушылық пен оның алдын алу, ІІО-да есепте тұратын қолайсыз отбасыларда тәрбиеленетін жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастырылған нысандармен қамту барысында Көліктегі Оңтүстік-Шығыс ІІД-нің қызмет көрсету аймақтарында арнайы «Жұмыспен қамту» жедел кешендік іс-шарасы ұйымдастырылып, өткізілді, деп хабарлайды осы мекеменің баспасөз қызметінен Сандуғаш Мүсілімова.

Бұл өткізілген іс-шараға Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының инспекторларымен бірге, есірткі бизнесіне қарсы күрес және криминалдық полиция қызметкерлері қатыстырылды. Сондай-ақ, аталмыш іс-шараға тәртіп сақшыларымен бірге білім беру орындарының қызметкерлері мен дәрігерлер, прокуратура және «Нұр Отан» ХДП өкілдері мен басқа де мүдделі орындардың қызметкерлері де белсене атсалысты.

Бір апта жүргізілген іс-шара барысында сақшылар құрығына 88 құқық бұзушы мектеп оқушысы түсті. Олардың 72-сі түрлі орындарда әкімшілік құқық бұзушылар, оның ішінде бесеуінен арақтың иісі мүңкіп, шала мас күйлерінде жеткізілген. Ата-ананың қарауынсыз қалған немесе өз үйінен қашып кеткен 16 жеткіншек тізімге ілікті.

«Психологтардың пайымдауынша балалардың туған үйінен қашу себебі де тәрбиеде жатыр. Он төрт, он бес жасар қыздардың «ерте есейіп» кеткендігі соншалық, жақында жезөкшелікпен айналысып жүрген жерлерінен ұсталған. Баспасөз беттерінен жиырма сегіз жасында әже атанған әйел жайлы оқып күлгеніміз бар еді, ойланып отырсақ, бұл күлер жағдай емес екен. Сол жиырма сегіз жасар әженің өзі де он төрт жасында құрсақ көтеріп, қызды болған. Осыған қарап отырып, анасын қарап қызын ал, аяғын қарап асын іш деген мақал еріксіз ойға оралады», - деп ой өрбітеді Сандуғаш Мүсілімова.

Балалардың құқығын қорғау мен оларды жат қылықтардан сақтауда мектеп ұстаздары мен инспекторлардың еңбегі ерекше. Күндізгі уақытын мектепте араласатын ортасымен өткізетін ұл-қыздың сабақтан тыс кезінде де айналысатын жұмысы болуы тиіс. Баланың қолы неғұрлым істе болса, соғұрлым бұзақылықтан аулақ, шаруаға бейім болатынын естен шығармауымыз керек, дейді құқық қорғаушылар.