Жұмыспен қамту стратегиясы аясында көлік саласында 35 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Көлік және коммуникация министрлігі Халықты жұмыспен қамту стратегиясы аясында 35 мың жұмыс орнын құруды көздеп отыр. Бұл туралы бүгін Елбасының биылғы Жолдауын жүзеге асыру бойынша көлік саласының алдында тұрған міндеттерге қатысты өткен алқа мәжілісте министр Әбілғазы Құсайынов мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау үшін көлік саласының алдында нақты міндеттер тұрғандығына тоқталған Ә. Құсайынов: «Ең алдымен «жол картасы» іс-шараларының аясында автомобиль жолдарының құрылысына және оларды жаңалауға бөлінген 50 млрд. теңгені тиімді пайдалану қажет. Автожолшылар өңірлердің әкімдерімен бірлесіп бюджет қаражатының толық, сапалы және ашық пайдаланылуын, жаңа жұмыс орындарының барынша көп ашылуын қамтамасыз етуі қажет. Жұмыспен қамту стратегиясының бұл бағытын жүзеге асыру 35 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, қосымша 1000 шақырым автомобиль жолдарын жаңалауды және құрылысын жүргізуді қамтамасыз етеді», деп атап көрсетті.