Жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыруға бағытталған заң қабылданды ? Парламент

АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда талқылап,

құжатты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» атты Жолдауын жүзеге асыруға бағытталады. Сонымен бірге, құжат әлемдік қаржы дағдарысы әсерінің салдарын еңсеру, атап айтқанда жұмыссыз азаматтар санының уақытша өсуі жағдайында қазақстандықтарды жұмыспен қамту страгиясын іске асыру шараларын қарастырады. «Елбасы дағдарыстан шығудың және әлеуметтік дамудың ең маңызды құралы - жұмыспен қамту стратегиясы болып табылатынын атап өткен болатын. Осыған орай, ұсынылып отырған заң жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді, белсенді нысандар арқылы азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейтуді қарастырады. Құжат бойынша Еңбек кодексіне бірқатар өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, жұмыс берушінің алдағы уақытта өз қызметкерлерін жұмыстан босату туралы хабарлауды бір айдан екі ай мерзіміне дейін ұзарту шарасы ұсынылып отыр. Сонымен бірге «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңына да бірқатар өзгерістер енгізіліп, ол бойынша нысаналы топтарға кіретін адамдар қатары кеңейе түседі. Жалпы заң халықтың жұмыспен нәтижелі қамтылуын дамытуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, жұмыссыздарды әлеуметтік қолдауға, сондай-ақ 2009-2010 жылдар аралығында жұмысынан айырылып қалған азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталады», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова. Құжаттың қабылдануы жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалудың атаулы болуын күшейтіп, қоғамдық жұмысқа қатысуға құқығы бар адамдар шеңберін кеңейтуге мүмкіндік береді. Ал тіркелген жұмыссыздар үшін жұмысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер алу мерзімі 4 айдан 6 айға дейін ұзартылады. Парламент қабылдаған заң Елбасының қол қоюына жіберіледі.