Жұмыспен қамту: Жекеменшік компанияларға қандай талаптар қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жұмыспен қамту шараларын аутсорсинг арқылы жүргізу жоспарланып отыр. Осыған орай, жекеменшік компаниялар да мемлекеттік тапсырысты алып, жұмыспен қамту шараларымен айналысады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың айтуынша, бүгінде жұмыспен қамту нарығында 300-ден астам жекеменшік компания жұмыс істейді.

«Бұрын ондай компаниялар, көбінесе, басқа жұмыс орнын қалаған, я болмаса, жалақысы жоғары қызмет іздеген адамдармен айналысты. Былайша айтқанда, жекеменшік жұмыспен қамту орталықтарына көп жағдайда жұмысы бар азаматтар жүгінді. Енді, мемлекеттік тапсырысты алып, аутсорсингке келетін компаниялар жұмыссыз азаматтармен жұмыс істейтін болады. Бас кезінде аутсорсингке кәсіби біліктілікті арттыру және жұмыспен қамту қызметі беріледі. Биыл жекеменшік жұмыспен қамту орталықтары арқылы шамамен 60 мың адам жұмысқа тұрады деген жоспар бар», - деді Н.Әлтаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзіне қарағанда, аутсорсингке қатысамын дейтін компаниялардың жұмыс тәжірибесіне баса назар аударылады.

«Министрлік өз кезегінде бюджет есебінен xалықты жұмыспен қамту саласындағы тарифтерді бекітеді. Осы санаттағы қызметтер мен аутсорсингті қаржыландыру тәртібін мақұлдайды. Бұдан бөлек, жеке меншік компанияларға қойылатын талаптарды белгілейді. Заң бойынша жұмыспен қамту орталықтарына бюджет ақшасы төленеді. Ал жұмыс іздеп келген азаматтарға барлық қызметтер тегін көрсетіледі», - деп атап көрсетті Н.Әлтаев.

Айта кетейік, жұмыспен қамту мәселелеріне арналған жаңа заң жобасы бойынша зейнеткерлікке жақындап қалған, бірақ әлі шықпаған жұмысшыны мазалауға тыйым салынып отыр.  Бұдан бөлек, аталған заң жобасы аясында оралмандарға бөлек квота берілетін болады.