АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасына қатысушылардың 49 пайызы әйелдер. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясын іске асырудың алдын ала қорытындыларына арналған халықаралық конференцияда ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне қарағанда, соңғы төрт жылда «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» шараларына 600 мыңға тарта адам қатысты. Оның ішінде 49 пайызы әйелдер болса, соның жартысына жуығы ауылдық жерде өмір сүруде»,-деді министр.
Осы ретте Т. Дүйсенова аталған кезеңде 220 мыңнан астам нәзік жандылар жұмысқа орналасқанын атап өтті.
Атап айтқанда, жұмыспен қамту кәсіби оқыту, шағын несиелер ұсыну, жастар тәжірибесіне жіберу, тұрақты қызметке орналастыру мүмкіндігімен әлеуметтік жұмыс орындарын ашу арқылы іске асырылды.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.