Жұмыспен қамтудың жол картасы: 114 мыңға жуық жұмыс орны ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 5 898 жобаны жүзеге асыру ісі басталып, қазірдің өзінде 113,9 мың жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жол картасы аясында жергілікті атқарушы орындар іске асыру үшін 6 506 жобаны іріктеп алған.

Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру 4 негізгі бағыт бойынша өтеді. Олар:

– әлеуметтік-мәдени нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (2 703 жоба);

– тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау (1 039 жоба);

– инженерлік-көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу, реконструкциялау және салу (1 799 жоба);

– елді мекендерді абаттандыру (965 жоба).

«Жұмыспен қамтудың жол картасы инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру кезінде отандық өндірушілердің кемінде 90% тауарлары мен қызметтерін қолдануды қамтамасыз ету - ерекше шарт. Жұмысшылардың кем дегенде жартысы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы алынып, басымдық жұмыссыз жүрген жастарға беріледі. Мердігерлер санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолдана отырып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге тиіс», - делінген хабарламада.

10 маусымдағы жағдай бойынша өңірлерде 5 898 жоба тұрғысында жұмыс басталып, 113,9 мың жұмыс орны құрылған. Жалпы алдағы уақытта бұл бағытта барлығы 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

«Бұдан бұрын хабарлағандай, Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асырудың айтарлықтай оң әсері сезілмек. Мысалы, 80 жаңа білім беру нысанының құрылысы апатты және үш ауысымды мектептердің мәселелерін шешуге, ауылдық жерлерде білім беру орындарына қолжетімділікті арттыруға, сондай-ақ 7 мыңға жуық мұғалімді тұрақты жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділікті арттырады, сондай-ақ шамамен 1 мың медицина қызметкерін жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. 36 мәдениет және спорт нысанының құрылысы бұқаралық спортты дамытуға оң әсер етіп, жастар үшін бос уақыт мәселесін шешуге және 1,6 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп хабарлайды министрліктен.

Өз кезегінде, су шаруашылығының 12 жаңа нысанын салу және қолданыстағыларын жаңғырту халық үшін ауыз судың қолжетімділігін арттырмақ. Суармалы жерлердің көлемін кеңейтуге, пайдаланылмайтын жерлерді айналымға тартуға, аралас салаларда 77 мың адамды жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың 247 жаңа нысанын салу және қолданыстағыларын жаңғырту тұрғын үй құрылысы үшін жағдай жасайды. Ал ауыл тұрғындары үшін коммуналдық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді, коммуналдық желінің тозуын төмендетеді. Елді мекендерді абаттандыру олардың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, азаматтардың қауіпсіз және жайлы демалысы үшін жағдай жасайды.