Жұмыспен қамтудың жол картасы: Ақмолада 328 инфрақұрылым жобасы іске асып жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жобаларды жүзеге асыру жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Бағдарлама аясында өңірде 8 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен әлеуметтік-мәдени нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және инженерлік-көліктік инфрақұрылымды жөндеу бойынша 328 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда.

Жақында Жақсы ауданының Чапаевское ауылындағы бөгетті жөндеу аяқталды. Нысанның құрылысына 18 техника мен 24 жұмысшы жұмылдырылды.

Аудан әкімі Бауыржан Мәлгаждаровтың айтуынша, бөгет елді мекен тіршілігінде ерекше рөл атқарады.

«Бұл бөгет ауыл мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуде маңызды нысан болып табылады. Сонымен қатар, бөгет көрші ауылды су басу қаупінен қорғауға мүмкіндік береді», - дейді Б.Мәлгаждаров.

Бағдарлама аясында облыстың басқа аудандарында да ауқымды жобалар жүргізілуде.

Щучинск қаласындағы жоғары педагогикалық колледж жатақханасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Жөндеу жұмыстары барысында мұнда 86 жұмыс орны құрылды, олардың жартысына жуығы жұмыспен қамту орталығы арқылы.

Сондай –ақ, мамыр айының ортасынан бастап ұзындығы 27 шақырым болатын «Зеленый бор – Мәдениет» автомобиль жолдарына орташа жөндеу жүргізілуде, оған 5,5 мыңға жуық адам тұратын Зеленый Бор, Молбаза, Қымызынай, Жаңаталап, Мәдениет, Наурызбай батыр ауылдары кіреді. 4-ші техникалық санаттағы автожол Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының үшінші кезеңін іске асыру шеңберінде жөнделуде. Оны пайдалануға беру ауыл тұрғындары мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстарына 75 жергілікті тұрғын тартылған. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарлануда.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Ақмола облысында 99 жоба аяқталып отыр.