Жұмыспен қамтудың жол картасы: Семейде 4 жоба бойынша 300-ге жуық жұмыс орны құрылады

Фото: None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында 4 жоба іске асырылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен жиында Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобалар жайлы есеп берді. Жалпы өңір бойынша 9 инфрақұрылымдық жобада тұрақты жұмыс орындарын ашу көзделген, оның төртеуі Семей шаһарына тиесілі. Бақытжан Баяхметов «Степной кентіне 300 орындық орта мектеп салу» жобасы биыл желтоқсан айына дейін жалғасатынын айтты.

«РК-3 «Теплокоммунэнерго» қайта жаңартудың 3-кезеңі» жобасы бойынша азаматтарды жұмыспен қамту 2022 жылы іске асырылады. «Холодный ключ» кентінің су құбыры желісін қайта салу және кеңейту» жобасы ойдағыдай іске асып келеді. Бүгінгі таңда жұмыс көлемі 29%-ға орындалды, салынған 10 шақырымнан астам су құбыры желісі 40 үйге жеткізілген. Сондай-ақ 125 құдық орнатылды. Барлық жұмыс биыл 1-қазанға дейін аяқталуы тиіс», - деді ол.

«Ертіс өзенінің жағалауын нығайту (Бейбітшілік аралы, Мирный, Восточный кенттері және Пристань)» жобасының құрылыс жұмыстары биыл 12 шілдеде басталған. Бүгінгі таңда мердігер компания қажет материалдарға, соның жол плиталарына тапсырыс берді. Жұмыстар биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланған. Барлық төрт жобаны іске асыру барысында 160 адам уақытша және 127 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

«Маусым айында жұмыс орындарын құру жөнінде кеңес өткізілді. Жұмыс беруші мердігер компанияларға «электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» және «интеграцияланған карта: жұмыс орындарын құру мониторингі» ақпараттық жүйесі арқылы инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналасу қағидалары мен шарттары түсіндірілді. Мәселе менің тұрақты бақылауымда», - деді қала әкімі.


Соңғы жаңалықтар