Жұмысшыларды жалақыдан қысқандар заң құрығынан құтыла алмайды - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 20 ақпан. ҚазАқпарат -   Қазіргі уақытты еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы қиын кезеңмен салыстыра алмайсың.

Ел экономикасы тұрақтанып,  кәсіпкерлік те қанатын кеңге жайып, жыл сайын ілгері дамып келеді. Бұрынғыдай жұмыссыздық қатары да азайды.  Десек те  түрлі мекемелер тарапынан жұмысшы­ларға берілетін жалақы қарызының әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқандығы кім-кімді де ойландыр­­май қоймайды. «Есектің күші адал да, еті арам» демекші, қол күшін пайдаланушылар жұмысшыларды құлдай жұмсап, азын-аулақ тиын-тебенін төлеуге келгенде ат-тондарын ала қашып, айлап-жылдап созып жүріп алады. Барар жер, басар тауы қалмаған жұмысшылар да амалсыз заң орындарына жү­гінуге мәжбүр. 

- Сондықтан облыстық прокуратура органдары облыс көлемінде еңбек заңнамасының сақталуының, оның ішінде жалақының уақытылы төлену мәселесі, заңсыз жұмыстан босату, жұмыс орындарын қысқарту жағдайларының маңыздылығын ескеріп азаматтардың конституциялық құқықтарының қорғалуынаерекше назар аударып, қадағалау жұмыстарын үнемі жүргізуде, - дейді Қызылорда облысы прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Қайрат Әбдіханов. - Өткен жылы прокурорлық ықпал ету нәтижесімен 33 мекеменің 6 967 жұмысшы алдындағы 645,0 млн. теңге жалақы қарыздарының төленуі қамтамасызетіліп, еңбек заңнамасын бұзған 99 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлгі 33 мекеменің қатарында «Қызылорда су жүйесі» МКК, «Казсевавтодор» ЖШС, «Аралтұз» АҚ, «Геомұнайсервис» ЖШС, кәсіпкерліктің көшбасында деп мақтанып жүрген «РМЗ Шапағат» ЖШС, «Мерстрой Сервис» ЖШС, «Альянс Банк» АҚ-ның Қызылорда филиалы секілді аты дардай мекемелер бар. Бұлардың алды қызметкерлеріне 186 миллион арты 21 милион қарыз болғандар. Тек прокуратураның араласуымен ғана олар берешектерінен құтылған.

Еңбек заңдылығын бұзған «Күрделі құрылыс басқармасы» ЖШС-нің құрылтайшысына  қарсы қозғалған іс прокуратураның талабымен қайта тергелуде.  Бұдан басқа да Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жалақыға қарыз болған «Имсталькон-Қызылорда» ЖШС банкрот деп танылып, таратылды. Сол сияқты, Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының  шешімімен жалақыға қарызы бар «Қорғаушы» ЖШС банкрот деп танылды.

Облыстық прокуратура апта сайын еңбек, атқарушылық өндіріс, дәрменсіз борышкерлермен жұмыс саласындағы уәкілетті органдармен және кәсіподақ ұйымдарымен жалақыға қарызы бар мекемелер жөнінде салыстырмалы акті жасап отыр. Еңбек заңнамасының сақталуы бойынша ай сайын облыс әкімі мен облыс прокурорының кездесуі және тоқсан сайын облыстық прокуратураның бастамасымен облыс әкімдігінде жұмыс берушілердің, кәсіподақ ұйымдарының қатысуымен уәкілетті және жергілікті билік органдарымен, «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалымен бірлесіп жиын өткізіп, нақты істерді қолға алып келеді.