Жұмысшыларға 82 млн теңге жалақы қарызы төленді - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласы «Қызылорда су жүйесі» МКК жұмысшыларына 2018 жылдың қараша-желтоқсан айларына 82 млн теңге жалақы қарызы төленді. Бұл жөнінде облыстық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құқық қорғау қызметі орталығына аталмыш мәселеге байланысты шағым түскен. Шағымды қарау барысында бұл дерек нақтыланды. «Қызылорда су жүйесі» МКК 576 жұмысшыға өткен жылдың қараша-желтоқсан айларына жалақы төлемеген. Оның жалпы көлемі 82 млн теңгені құрайды.

Прокуратураның ұсынысымен берешек өндірілді. Еңбекақыны төлеу бойынша талаптарды бұзғаны үшін кәсіпорын басшысы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

«Қызылорда облыстық прокуратурасы органдарының қадағалау шараларымен былтыр 492 жұмысшы алдындағы 90 млн теңге жалақы қарызы төленді. Сонымен қатар, басқа үш мекеменің 241 жұмысшысына 43 млн теңге жалақы қарыздарын өндіру үшін шаралар қабылдануда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық прокуратурасы.

Азаматтардың еңбекақысын мерзімінде төлеу мәселесі облыстық прокуратураның тұрақты бақылауында тұр.

Бұған дейін Қызылордада қарақшылық шабуыл жасағандар сотталғаны хабарланған болатын.