Жұмысшыларға жалақы бермеген мекеме басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тарту керек пе? - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 желтоқсан, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Ақмола облыстық әкімдігі ойын бизнесі нысандарын Бурабай кентінен көшіру туралы қаулы шығарды. Енді аталған нысандар Шортан көлі жағалауының оңтүстік-шығыс бөлігіне, елді  мекендерден оқшау шоғырланатын болды»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Ойын бизнесі оқшауланбақ» атты материалда. Осы жағдайға түсінік берген облыс әкімі Қайрат Қожамжаров бұл қадам­ның, тұтастай алғанда, халықаралық қа­лыптарға сай келе­тінін және туристік қызмет иелерін ынталан­дыруға, аталған аумақта құрылыс саласын дамытуға, өң­ір­­­ге инвестиция тар­­­туға мүмкін­дік беретінін атап көрсетті. Ең бастысы, Бурабай тұрғындарының өскелең ұрпақ тәрбие­сіне алаңдаушылығы ескеріліп отырыл­ғандығы назарға алынған көрінеді.

 

Осы газеттің жазуынша, елордадағы «Қазмедиа орталығының» кино-концерт залында халықаралық «Дала дауысы» радиофестивалінің гала-концерті өтті. Қазақ радиосы қазақ халқының әуен­де­рін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырған осы бір өнер жарысы жыл басынан күні кешеге дейін жалғасқаны белгілі. Деңгейі халықаралық болған соң, қойылған талап та осал бол­ған жоқ. Яғни, әр үміткер қазақтың дәс­түр­­­­лі және эстрадалық әндерін жоғары дең­гей­де орындауы керек. Бұл талаптың үдесінен шыққан да, шықпаған да бар. Оны радиотыңдаушылардың интернет ар­қылы берген дауыстары мен кәсі­би музыка мамандарының пікірлері дә­лел­деді. Жыл басынан бері Қазақ радиосы, «Шалқар» арнасы және «Астана» радиоларында «Дала дауысы» айдарымен 130 әншінің орындауындағы әндер рет-реті­мен беріліп келген болса, сол 130-дің екінші айналымға 50-і ғана өтіпті. Ал, 50-дің ішінен іріктеліп алынған, яғни, тыңдармандар мен қазылардың тал­ғамынан шыққан 25 әншіге гала-концертте «Үздік дәстүрлі орындаушы», «Үздік эстрада әншісі» және «Жаңа есім» номинациялары бойынша «ДАЛА ДАУЫСЫ» радиофестивалінің арнайы дипломдары мен көркем безендірілген арнайы кәдесыйлары тапсырылды. Бұл мақала  «Дала дауысы» мәреге жетті деген тақырыппен берілді. 

***  

«Айқын» басылымында  әйелдердің зейнет жасын ұлғайту тұрғысындағы  мәселені көтерген  мақала басылды. Бүгінде әйелдердің зейнетке шығар жасын 63-ке дейін ұлғайту мәселесі күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да болар, әйелдердің зейнет жасын ұлғайту аспаннан алына салып, жасалғалы отырған нәрсе еместігін дәлелдеу барысында неше түрлі дәйектер алға тартылуда. Солардың бірі - ер-азаматтың әйелге қара­ғанда аз өмір сүретіндігі болып отыр. 2050 жылға қарай еліміз тұрғын­да­ры­ның ширегі 65 жастан жоғары болады, яғни жастардан қарттар саны арта түсе­тінін айта­ды сарапшылар. Сол қарттардың ара­сында әйелдер саны басым болып, ер­лер­дің қатары сирей бастайтын көрінеді. Се­бебі соңғыларының өмір сүру мерзімі қысқа екен. 

 

«Латын әліпбиіне көшеміз дегелі таңба мен дыбысты шатастырып, әліпби құрастырып жатқандар көбейіпті. Олардың арасында әліпби жасап, патент алып, қағаздарын жалаулатып жүргендер, тіпті авторлық әліпбиіне өз есімін беріп үлгергендер де бар көрінеді. Бұл туралы кеше «Аманат» интеллектуалдық клубының Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған 2025 жылдан бастап қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру тапсырмасына сәйкес өткен қоғамдық талқылау кезінде айтылды»,-деп жазады «Айқын» газеті. «Нұр Отан» ХДП қолдауымен өткен «Аманаттың» кезекті отырысында пуб­ли­цист, мәдениеттанушы Серік Ерғали қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруде үш тарап белсенді әрекет етуі тиіс деген пікір білдір­ді. «Бірінші тарап - шешім қабылдайтын әрі атқаратын билік, екіншісі - латын әліп­биінің жүйесі мен алғышартын әзір­лейтін ғылыми тарап және нақты нәтижеге мүдделі бақылаушы әрі ықпалды қоғам­дық орта. Біз бүгін осы үшінші тараптың атынан жиналып отырмыз. Жаңа әліпби тұжырымдамасы қазақ тілінің дыбыстық стандарты, қаріптерді жүйелеу мен тағайындаудағы басты критерийлер мен талап­тардың ресми түрде бекітілгені абзал. Өйткені, мәселе қазақ тілі әліпбиінің кестесін жасақтаумен бітпейді. Ең бастысы, тіл тұтынушыларының оны оңай да жедел түсінетінін қамтамасыз ететін шаралар қа­жет. Соның ішінде жаңа әліпбиге не­гізделген орфографиялық және орфоэ­пия­лық сөздіктерден бастап, қолданушыға қажетті барлық ресурстар қолда боларлық­тай әлеуетті әзірлеу маңызды» дейді ол. Бұл жайында толығырақ «12 жылды тиімді пайдалану қажет» атты мақалада жазылды. 

 

*** 

«Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарында «Бірнеше ай бойы жұмысшыларға жалақы бермеген мекеме басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тарту керек пе?» мәселесі көтеріліп отыр. «Жақын арада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов: «Министрлік өңірлерде еңбек дауының туындау тәуекеліне ұшыраған 350-ден астам кәсіпорынға мониторинг жүргізді. Бүгінде 500-ден астам кәсіпорын 2,5 млрд. теңге жалақы бойынша қарызын өтеді. Өкінішке  қарай, әлі күнге  дейін қарыз көлемі қысқармай отыр. Қазір елімізде өндірілмеген қарыз 1, 137 млрд. теңгені құрайды. Сәйкесінше, біз әлеуметтік - еңбек дауларын шешу жөнінде кешенді жоспар қабылдадық»,-деп еліміз бойынша төленбеген жалақы көлемінің азаймай отырғанын мәлімдеді»,-деп жазады басылым. Осы орайда кейбір мамандар жұмысшыларына айлап жалақы бермеген мекеме басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс айтуда.