Жұмыссыз ақтөбеліктер түйіндеме тапсыру үшін кезекке тұрды
Ақтөбе қалалық әкімдігі, жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілер мен жұмыссыздарды бір орынға жинады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 95 кәсіпорын шақырылған. Олар 720 жұмыс орнын ұсынды. Құрылыс компаниялары мен ірі зауыттар да жұмысшы іздеді. Таңдауы көп жәрмеңкеге жазасын өтеп шыққандар да қатыстырылды. Алайда олар өздерінің бұрын істі болғанын айтқан кезде жұмыс берушілер оң жауап бермеген.
«Құрылыс саласында жұмыс істеген едім. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келген жұмыс берушілер бұрын сотталғандарды алмады. Сөйлестім, сотталғанымды естігенде басқа жерден де жұмыс іздеуге болатынын айтты. Бүгін мен жұмыс таппадым. Әлі де іздеймін, қараймын»,- Серік Жұмағалиев. Ол Қылмыстық кодекстің 179-бабы бойынша сотталып, 4 жыл түрмеде отырды. Кейін рақымшылыққа ілігіп, жаза өтеу мергізімінің 3 жылы шартты түрде бас бостандығынан шектеуге ауыстырылды.
Дегенмен Ақтөбе облыстық Жергілік полиция қызметі «Жұмыс іздеймін» жәрмеңкесіне 100-ден астам сотталушыны арнайы шақырған.
«Бұрын сотталған, жергілікті полиция бақылауында тұрғандардың бәрі жәрмеңкеге шақырылды. Жұмыс берушілер бұрын сотталғандарға мүлде қарсы болған жоқ. Жұмыссыз адам ұсынған жұмысқа келіссе, біз мінездеме беріп, көмектесеміз. Бұрын сотталып, жұмыссыз жүргендер арасында бұзалық, ұрлық баптарымен жазасын өтегендер де бар. Араларында жоғары білімді адамдар кездеседі»,- деді Жергілік полиция қызметінің аға инспекторы Азамат Курембаев.
Айта кетейік, бүгін жәрмеңке кезінде жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз тұрғындардың түйіндемесін қабылдап, тізімде тұрған бос жұмыс орындарына жіберді. Сонымен қатар, «Өрлеу» мемлекеттік жобасы туралы айтылды.