Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова бүгін Алматыда өтіп жатқан Жол картасының орындалуы және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту тұжырымдамасы туралы аймақтық мәжілісте осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Гүлшара Әбдіхалықованың сөзіне қарағанда, екінші тоқсанда кәсіпорындарда жұмыстан өз еркімен кеткендерді есептемегенде 4 мыңнан астам адам қысқартуға түскен. Жартылай жұмыспен қамтылғандар сәуір айымен салыстырғанда 2 есеге азайған. Ал шілденің 1-інде өткен аймен салыстырғанда жұмыссыздардың саны 9,7 мың адамға кеміген.
"Жол картасына 191,3 миллиард теңге бөлінді. Оны жүзеге асыру кезінде қосымша 350 мың адамға жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Олардың 254 мыңы - жөндеу жұмыстарының, 96 мыңы жастардың тәжірибеден өтуі есебінен. Қазір Маңғыстау мен Астанадағы қарастырылып жатқан екі жобадан басқалары түгелдей жүзеге асырылып жатыр. Республикалық бюджеттен инвестициялық бағытта бұл жобаларға шілденің 20-сындағы есеп бойынша 58,7 миллиард теңге аударылды. Жергілікті атқарушы органдардың есебіне қарағанда, оған жергілікті бюджеттен бөлінген 68,7 миллиард теңгенің 43 пайызы игерілді", дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.