- Жаңа «омикрон» штамы адамның жүрек және жүрек-қантамыр жүйесіне әсер етеді ме?
- Инфекциядан туындаған жіті қабынудың реакциясы жүрек қызметін нашарлатып, жүрек қызметінің кемістігі бар пациенттерде симптомдарды өршітуі мүмкін. Ауыр қабыну процестері аритмияны асқындырып, кейбір пациенттерде жүрекше фибрилляциясы туындауы мүмкін.
Вирустың қабынатын әсерін ескере отырып, вирустық инфекция коронарлық артерияларда атеросклеротикалық түйіндақтардың (май шөгінділері) үзілуін тудырып, ол жіті коронарлық синдромға (жүрек ұстамасына) әкеледі деген қауіп бар. Кеудесінде жіті жайсыздықты сезінетін адамдар коронавирус симптомдары пайда болған кезде міндетті түрде дәрігерге қаралуы тиіс.
- Жүрек-қантамыр жүйесі ауруларына шалдыққан адамдар «омикрон» штамын жұқтырып алса нені білгендері жөн?
- Егер адамдар жүрек-қантамыр ауруларының симптомдарын коронавирус инфекциясы көрінісінде сезінетін болса, оларды назардан тыс қалдырмауы тиіс.
Егер денешынықтыру жаттығулары кезінде немесе тыныштықта кеудеңіз ауырып, тыныс алу қиындаса, жүрек қағысы жиілеп немесе естен танатындай әлсіздікті сезінсеңіз, сізге міндетті түрде жедел жәрдем қызметін шақыру қажет. Мамандар емдеуге жатқызу туралы шешім қабылдамас бұрын айтылған симптомдар мен жалпы қарап-тексерудің негізінде сіздің жай-күйіңізді бағалайды.
- Өкпені жасанды желдету аппараты жүрегі ауратын адамдар үшін қауіпті ме?
- Дәрігерлер өкпені жасанды желдету аппаратына қосу туралы шешімге адамды құтқарудың басқа жолдары болмаған кезде ғана жүгінеді. Пациенттерді өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға берілетін көрсеткіштер медицина қызметкерлеріне арналған ұсынымдарда жазылған. Жасанды желдеткіш өкпенің жеткілікті түрде демала алмай және оларда жиналып қалған көмірқышқыл газын шығара алмаған жағдайда қажет. Бұл жағдайда өкпені жасанды желдету аппараты тыныс алу жүйесінің қызметін атқарады. Егер тыныс ала алмаған адамды өкпені жасанды желдету аппаратына қоспаса, оның ішкі ағзалары оттегімен қамтамасыз етілмей қалады. Осыдан кейін кешікпей жүрек өз соғысын тоқтатады, қанмен қамтамасыз етілмейді, бірнеше минуттың ішінде пациент қайтыс болып кетуі мүмкін. Сондықтан, егер өкпені жасанды желдету аппаратына қосу қажеттігі туындайтын болса, онда жүрек аурулары бар немесе ол аурулары жоқ адамдар үшін өкпені жасанды желдету аппаратының қауіптілігі туралы мәселе талқыланбайды.
- «Омикрон» штамын жұқтырған жүрек-қантамыр аурулары бар науқастарға қандай кеңес бересіз?
- Жүрек-қантамыр ауруларының болуы көрінісінде «омикрон» штамын ғана емес, басқа штамдарды жұқтыру да асқынулардың дамуына әкелуі мүмкін. Ол миокард және тамырлардың созылмалы ауруларының декомпенсациясы немесе олардың вирустық зақымдануы. Негізгі аурудың декомпенсацияланған ағымы тромбоздар, жіті жүрек-өкпе және полиоргандық жетіспеушіліктің болу қаупін арттырады. Бұл ретте:
- жұқтыруды болдырмас үшін ұсынылатын профилактикалық шараларды мұқият орындау қажет;
- жүрек және қантамыр аурулары кезінде тағайындалған дәрі-дәрмекпен емделуді тоқтатпаңыз. Бұл денсаулықтың нашарлауына әкелуі мүмкін;
- алдын ала жоспарланған операциялардан бас тартуға болмайды. Жүрек немесе қантамырларының кейбір аурулары кешіктірген жағдайда жылдам өршіп, өлім жағдайына әкелуі мүмкін. Операцияны жасау немесе оны күте тұру туралы шешімді кардиолог қабылдайды.
- Сұхбатыңызға рахмет!