Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше , облыстық көпбейінді балалар ауруханасының хирургтері туа біткен патологиясы бар екі нәрестеге күрделі ота жасаған. Сәбилердің отадан кейінгі кезеңі ауыр болғанына қарамастан, қазір олардың денсаулығына алаңдауға негіз жоқ.
Балалар ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Сұлтанбек Тұмашевтың айтуынша, алғашында жансақтау бөліміне түскен екі нәрестенің кешенді ем алуы үшін барлық жағдай жасалған.
Өмірге келгеннен кейін жеті күннен соң 4 айлық сәбиде дәрігерлер іштен туған жарық көкеті пайда болғанын анықтаған. Бұл өз кезегінде тыныс жеткіліксіздігіне әкеліп соққан, соның салдарынан жағдайы күрт нашарлаған.
«Шын мәнісінде бұл өте ауыр патология және мұндай жағдайда көбіне отаны кейінге қалдыруға тура келіп жатады, яғни жаңа туған бала ең болмағанда үш жасқа толуы тиіс. Бұл диагнозбен баланың жағдайы күн өткен сайын нашарлап, күтпеген жерден, әсіресе түнгі уақытта қайғылы оқиға орын алуы ғажап емес. Операцияны бастамас бұрын ойлана келе тораскопияға жүгінгенді жөн санадық, себебі бұл - ота жасаудың ең тиімді жолы. Барлығы ойдағыдай өткен соң кішкентай сәби біздің ауруханада 30 күннен астам уақыт жатты, жағдайы жақсарған соң үйіне жібердік», - дейді Сұлтанбек Тұмашев.
Екінші нәресте Маңғыстау ауданы Шетпе ауылынан санитарлық авиация көмегімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілген болатын.
«Бүлдіршінде көкек кемістігі бар екендігін анықтадық. Жұқа және қалың ішек өкпеге өтіп кеткен, ал жүрегі болса оң жақ бетке жылжыған. Ота кезінде ішекті толығымен төмен түсірдік. Туа біткен ішек патологиясына байланысты араға үш күн салып сәбиге қайта ота жасауға тура келді. Анасының айтуынша, ол жүкті кезінде үш рет ультрадыбыстық зерттеу жасаған, соған қарамастан мамандар патологияны анықтай алмаған. Ота сәтті өткен соң бүлдіршін ауруханада 20 күн жатып, емін жалғастырды, қазір оның денсаулығына алаңдамауға болады», - дейді Сұлтанбек Тұмашев.
Дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі таңда кішкентай науқастардың жағдайы жақсы, қосымша ота жасау қажеттігі жоқ. Балалар құлан-таза айығып, үйіне оралған.