Жүрегім ауырып отыр - Демеу Жадыраевтың бапкері төрешілікке наразылығын білдірді

АСТАНА. INFORMSPORTS – Жапонияда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында грек-рим күресінен сынға түскен Демеу Жадыраевтың белдесуі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Қазақстандық балуанның жеке бапкері Боранбек Қоңыратов төрешілер шешіміне қатысты пікір білдірді

Фото: ҰОК

77 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Демеу Жадыраев жапониялық балуанмен белдесті. Кездесу барысында қазақстандық спортшыға берілген ұпайларға қатысты жанкүйерлер арасында түрлі пікір айтылды.

Демеудің жеке бапкері Боранбек Қоңыратов Азия ойындарына бармағанын және шәкіртінің белдесуін сырттай бақылағанын жеткізді.

«Мен Жапонияға барған жоқпын. Мұндай жарыстарға квота бөлінеді. Ұлттық құраманың бірінші, екінші, үшінші нөмірлі бапкерлері барады. Ал мен Демеудің жеке бапкері болғандықтан, бара алмадым. Қазір жүрегім ауырып, қатты қиналып отырмын. Демеу бабында болды, жақсы күресті. Төрешілердің бағалауына көңілім толмайды. Меніңше, Демеуде басымдық болған еді. Белдесудің жанында болмаған соң, шәкіртіме нұсқау да бере алмадым.Белдесуді көзбен көріп, жанында болған адамдар өз төрелігін айтар», – деді Боранбек Қоңыратов.

Айта кетейік, грек-рим күресінен жарыстар аяқталды. Қазақстан құрамасы бұл бәсекеде бір жүлдеге қол жеткізді. 67 келіге дейінгі салмақта Мейіржан Шермаханбет қола медаль иеленді.