Жүрек ақауымен туған балалардың өмір сүру ұзақтығы артты — дәрігер

АСТАНА. KAZINFORM — Кардиохирургия саласындағы жетістіктердің арқасында жүрек ақауымен дүниеге келген балалардың өмір сүру мүмкіндігі айтарлықтай артты. Бұл туралы UMC Клиникалық академиялық педиатрия департаментінің директоры, штаттан тыс бас балалар кардиологы Татьяна Иванова-Разумова айтты.

Фото: Қарағанды облыстық балалар клиникалық ауруханасы

Дәрігердің сөзінше, бұрын жүректің туа бітті ақауы бар балалардың ересек жасқа жетуі сирек болатын.

— Бұрын кардиохирургия енді ғана дамып жатқан кезде ота жасау мүмкіндігі мен технологиялар қазіргі деңгейде болған жоқ. Сондықтан жүрек ақауымен туған балалардың көбі ересек жасқа жете алмайтын, — деді Татьяна Иванова-Разумова.

Оның айтуынша, қазір жағдай өзгерген.

— Қазір әлемдік тәжірибеде жүректің туа бітті ақауымен өмір сүретін ересектердің саны балалардан көп. Бұл — кардиохирургияның дамуының нәтижесі, — деді маман.

Сонымен қатар ол Қазақстанда жүректің туа біткен ақауымен өмір сүретін ересектердің нақты саны әзірге белгісіз екенін атап өтті.

Айта кетейік, елімізде жыл сайын 4 мыңға жуық бала жүрек ақауымен дүниеге келеді.