Жүрек ырғағының бұзылысы әртүрлі асқынуға әкеледі — аритмолог
Дүниeжүзілік дeнсaулық сaқтaу ұйымының дерегінше, жыл сaйын әлeмдe 18 миллиoнғa жуық aдaм жүрeк aуруының сaлдaрынaн көз жұмaды. Қазақстан аталған дерттен қaзa бoлaтындaрдың сaны жaғынaн ТМД бoйыншa көш бастап тұр. Бұрын жүрек-қантамыр ауруларына егде жастағылар шалдығатын. Ал қазір аталған дерт жас талғамайтын жағдайға жетті. Ағзадағы сыңары жоқ жалғыз жүректі қалай сақтаймыз? Осы және өзге де сауалдарға Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының жүректің ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінің меңгерушісі, интервенциялық кардиолог-аритмолог, жоғары санатты дәрігер, денсаулық сақтау магистрі Бағдат Әбдіқадырұлы Ахыт жауап берді.
— Бағдат Әбдіқадырұлы, сіз басқарып отырған бөлімшеде қандай сырқаттарды емдейді?
— Жүректің ырғағы мен өткізгіштігінің бұзылуы бөлімшесінде кардиовертер-дефибриллятор, электрокардиостимулятор, сол жақ жүрекше құлақшасының окклюдерін имплантациялау бойынша ота жасалады. Жүректің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары пациенттерге жүрек ресинхрондау терапиясы (CRT-D) жүргізіледі. 2010 жылдан бастап жүрек ырғағының әртүрлі бұзылуларының радиожиілікті абляциясы, соның ішінде жүрекше фибрилляциясы, криоабляция және тағы басқа хирургиялық операциялар жасалады. Операциялық блокта орнатылған заманауи құрал-жабдықтар күрделі және бірегей операциялар жасауға мүмкіндік береді.
— Кардиология саласында көпшілік біле бермейтін аритмология ілімі бар. Сол туралы айтып беріңізші.
— Кейде жүрегіміз қатты соғып кетеді немесе керісінше баяулап, тыныс жетпегендей болады. Бірақ көбіміз осы белгіге мән бермейміз. Ал бұны медицинада аритмия, яғни жүрек ырғағының бұзылуы деп атайды. Аритмология клиникалық тәжірибе және білім саласы ретінде тез жаңарып отырады, сонымен қатар бұл — кардиологияның ең күрделі салаларының бірі. Жақсы маман болу үшін үнемі оқып отыру керек. Жетекші ғылыми медициналық орталықтармен ынтымақтастық аясында бізде тұрақты негізде шеберлік класы, семинарлар өткізіледі, осылайша біздің мамандар әріптестермен қарым-қатынас жасауға, өз біліктілігін арттыруға, жаңа білім алуға, жаңа жабдықта жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
— Ал жүрек ырғағы қалай бұзылады?
— Қалыпты қызмет атқаратын жүрек тәулігіне 100 мың рет соғып, қан айдап, оны бүкіл денеге таратады. Жүрек соққан кезде оның бөліктері біртіндеп, яғни алдымен жүрекше, сосын қарынша жиырылады. Егер адам жоғары қан қысымы ауруына, қант диабеті, жүрек ауруларына, семіздікке шалдықса да жүректің ырғағы бұзылады. Ырғақ бұзылысының бұдан басқа да себептері немесе туабітті ақауы болуы мүмкін. Жүрек ырғағы бұзылысының формалары әртүрлі асқынуларға әкеледі. Дәрігер ауруды тудырып тұрған негізгі себепті жоюға, оны емдеуге тырысады. Емдеудің ең инновациялық әдістерінің бірі — радиожиілікті абляция. CARTO 3 V7 Prime пайдалану мұндай процедуралардың тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жүрек ырғағының бұзылуына қатысты кез келген операцияны жасай аламыз. 3D технологиясы аритмияның көзін 1 миллиметрге дейінгі дәлдікпен табуға және оны жоюға мүмкіндік береді, бұл пациентті проблемадан құтқарады.
Жүрек ырғағының бұзылуын диагностикалаудың дәлдігін арттыру арқылы пациенттерді емдеудің тиімділігі, операция жасалып болған сәттен кейінгі және одан да кейінгі кезеңдердегі пациенттердің өмір сапасы артады, кенеттен қайтыс болу, асқыну азаяды.
Айта кететін жағдай, медициналық тексеру барысында ЖОО студентінен жүрекше фибрилляциясы табылған. Мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Ауру ешқандай белгі бермеген. Біз жас жігітті тексеріп, жүректің синус ырғағын қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық. Операция сәтті өтті.
— Кардиостимулятор қалай қойылады?
— Кардиостимулятор — жүрек ырғағының қалыпты соғуына ықпал ететін, яғни ырғақ бұзылған кезде электрод арқылы жүреккке импульс жіберетін медициналық құрал. Кардиостимулятор науқас кеудесінің сол жақ бұғанасына, терінің астына қойылады. Ал оның электродтары тамыр арқылы жүрекке кіріп тұрады. Аппаратқа арнайы бағдарлама енгізіледі. Сол бойынша аппарат жүректің белсенділігін сезіп, ырғақты қалыпты ұстайды. Электрокардиостимулятордың түрі көп және бағасы да арзан емес.
Кардиостимулятордың қызметі импульс шығаруға байланысты бес жылдан он бес жылға дейін жалғасады. Науқас үнемі дәрігердің бақылауында болады. Егер стимулятор энергияны көп шығарса, аппарат бес жылға жетпей ауыстырылуы мүмкін.
— Жаңа, соңғы буын дефибрилляторларына тоқталып өтсеңіз.
— Біздің клиникада Алматыда алғаш рет жүрек қызметінің жеткіліксіздігі бар пациенттерге қашықтан мониторинг жүйесіне қосу мүмкіндігімен жаңа буын дефибрилляторлары имплантацияланды. Мұндай технология пациенттің жағдайын кез келген қашықтықтан бақылауға мүмкіндік береді және аурудың ауыр зардаптарын болдырмау үшін емдеу режимін түзетеді. Бұл республикалық орталықтарға дефифибрилятор имплантацияланғаннан кейін тексеруге келе алмайтын шалғай аймақта тұратын науқастар үшін ыңғайлы. Заманауи технология пациенттің телефонына арнайы қосымшаны орнату арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Жеке деректер белгілі бір жолмен шифрланады және орталықтандырылған серверге түседі, оны тек осы саладағы сертификатталған мамандар көре алады.
— Білуімізше, қазір қазақстандық дәрігерлер кардиостимулятор енгізуді жақсы меңгеріп алған. Бірақ, оны алып тастауда тәжірибені арттыра түсу керек сияқты.
— Шынында да, бүгінде еліміздің көп клиникаларында электродты имплантация бойынша операция сәтті өтіп жүр, бірақ оны алып тастау проблемасы да бар. Ерекше жағдайды атап өткен жөн: біз 61 жастағы науқасқа операция жасадық, оған 7 жыл бұрын эндокард электроды имплантацияланған, бірақ оны алып тастауды бізде ғана жасай алды. Маңыздысы — электродтарды бекіту нүктелерінде (жүрек қуысында және веноздық тамырлар бойымен) инкапсуляциялайтын тыртық тіндерінен қауіпсіз және тиімді босату.
Экстракция (алып тастау) кезіндегі клиникалық жағдай тез өзгеруі мүмкін, сондықтан команда кез келген жағдайға дайын болуы керек. Ұзақ уақыт имплантацияланған электрод алынған кезде жүрек бұлшықеті жыртылып, өлімге әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда операция нәтижесі команданың үйлесімді жұмысымен қамтамасыз етілуі мүмкін. Бұл — тек аритмологтар ғана емес, сонымен қатар анестезиолог, трансфузиолог, перфузиолог, кардиохирург, техникалық қызметкерлер және басқалар.
— Аурудың алдын алу шараларын айта кетсеңіз.
— Аурудан сақтанамын десеңіз, жеміс-жидек, дәнді дақылдар және құрамында магний бар тағамдарды көбірек тұтыныңыз. Қаныққан май, тұз және қантты шектейтін теңдестірілген рационды ұстаныңыз. Физикалық белсенді болыңыз — тұрақты жаттығу жүрек пен қан тамырларын нығайтады. Қалыпты салмақты сақтаңыз — артық салмақ пен семіздік жүрек ауруының қаупін арттырады.
Темекі шегуден және алкогольді ішімдік ішуден бас тарту керек — бұл зиянды әдеттер жүрек пен қан тамырлары ауруларының қаупін арттырады. Күйзеліске түсу жүрекке кері әсер етуі мүмкін. Өмірде бәрі біз қалағандай бола бермейді. Оны түсіну және қабылдау керек. Кез келген жағдайда үрейленбеңіз. Қан қысымын үнемі өлшеп, холестерин мен қандағы қант деңгейін бақылауда ұстау қажет. Қажет болса, дәрігердің ұсынымы бойынша дәрі-дәрмек ішіңіз. Егер жүрек-қантамыр ауруыңыз болса, тағайындалған ем-дом мен дәрігердің кеңесін қатаң сақтаңыз.
— Ал жүрек сырқатына шалдыққан жағдайда қандай режим ұстану керек?
— Жүрек ауырса, майлы тамақты азайту керек. Қан қысымы көтеріңкі болса, тұзды тамақты шектеу керек. Тамақтың дәмі жоқ деп кейбір науқастарымыз шағымданып жатады, бірақ жүрек-қантамыр ауруларына шалдыққаннан кейін осындай диетаны ұстаған жөн болады
— Әңгімеңізге рахмет!