Жүрекке салмақ түсіретін 6 нәрсе: өзіңізді тексеріп көріңіз

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — Дүниежүзілік жүрек күні. Жүрек-қантамыр аурулары әлемде өлім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Дегенмен олардың дамуына әсер ететін бірқатар қауіп факторын бақылауда ұстауға болады.

Фото: ДСМ

Мамандардың айтуынша, жүрекке салмақ түсіретін негізгі алты фактор бар. Олар — қан қысымының жоғары болуы, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің төмендігі, артық салмақ және қант диабеті.

Осы факторлардың бір бөлігі адамның күнделікті өмір салтына тікелей байланысты. Сондықтан қан қысымы мен қандағы қант деңгейін тұрақты бақылау, дұрыс тамақтану, көбірек қимылдау және темекіден бас тарту жүрек денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Қазақстанда жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу және емдеу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соңғы бес жылда қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 35,1%-ға, ал сырқаттанушылық шамамен 15%-ға төмендеді.

Оң динамика биыл да байқалады. 2026 жылдың алғашқы алты айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда:

  • қанайналым жүйесі ауруларының сырқаттанушылығы 2,4%-ға;
  • артериялық гипертензия 6,7%-ға;
  • жүректің ишемиялық ауруы 6,6%-ға;
  • инсульт 2,3%-ға төмендеді.

Бұл көрсеткіштер кардиологиялық және инсульттік қызметтерді дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Қазақстанда бейінді медициналық орталықтардың желісі кеңейіп, жоғары технологиялық операциялар көбейіп келеді. Сонымен қатар жедел медициналық көмек жетілдіріліп, инфаркт пен инсультті емдеудің заманауи хаттамалары енгізіліп жатыр.

Дегенмен мамандар денсаулықты сақтауда адамның өз жауапкершілігі де маңызды екенін атап өтеді.

Өзіңізді тексеріп көріңіз: қан қысымыңызды және қандағы қант деңгейін тұрақты өлшеп тұрыңыз, профилактикалық тексерулерден өтіңіз, күнделікті қозғалысты көбейтіңіз, темекіден бас тартыңыз және дұрыс тамақтануға көңіл бөліңіз.

Осыған дейін елімізде жол апаты, қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім азайғанын жазғанбыз.