Агенттік мамандары жүргізген сараптама жұмыстарына сүйенсек, облыста жемқорлыққа ең көп жол беретін орган - ішкі істер департаменті. Бұл туралы Ұлттық бюро мен департамент өкілдері ІІД-де өткен жиында мәлімдеді.
«Жыл басынан бері ішкі істер органдары ішінен жергілікті полиция қызметі, атап айтқанда, учаскелік инспекция, табиғатты қорғау күзеті, жол-патруль полициясы жемқорлыққа көбірек жол берген. Қылмыстардың дені пара алу, алаяқтық, қызметін асыра пайдалануға байланысты орын алды. Қылмыстық-процестік кодексiнің шеңберінде облыстық ІІД-не аталған заңбұзушылықтарды жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiнде ұсыным жасалды», - дейді агенттіктің баспасөз хатшысы Аида Бажирова.
Жалпы, департамент полицейлерге қатысты 38 қылмыстық істі бағыттады. Қазірдің өзінде 4 мемқызметкер сотталған. Мәселен, осы жылдың мамыр айында Рудный қаласы ІІБ қызметкері Панченко мен автоинспектор Шемельтуров 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар тұрғындардан пара алып отырған. Есесіне, оларға жүргізуші куәлігін жасап берген.