Жүргізуші куәлігін 10 сәуірге дейін ауыстыру қажет – фейк
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласының Полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған мәліметке байланысты түсінік берді.
Полиция мәліметіне сәйкес, желідегі «мерзімі алдағы үш жылда аяқталатын жүргізуші куәлігін 10 сәуірге дейін міндетті түрде ауыстыруы керек» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
– Жүргізуші куәліктерін ауыстыру тәртібіне ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Куәліктер жарамдылық мерзімі аяқталған кезде ешқандай қосымша талаптарсыз, қайта тапсырмай, жоспарлы түрде ауыстырылады. Азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырамыз, - деп хабарлады департаменттен.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары көрінеу жалған ақпарат тарату ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыға бағыт алған ұшақ ішінде дәрет сындырған шетелдік жазаланғанын жазғанбыз.