Жүргізушілер бірін-бірі басып озуға тырысқан — Ақмоладағы 95 автокөлік апатының себебі айтылды

Фото: Әлеуметтік желіден алынды

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті бастығының орынбасары Аслан Уәкішев Ақмола облысындағы 95 автокөліктің соқтығысу себебін айтты. Оның айтуынша, қазір тиісті тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

− Боранды күндері Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері колоннаны алып жүрді, алайда сол жерде бір-бірін басып озуға тырысқан жауапсыз жүргізушілер болған. Барлығы осыдан туындаған болуы мүмкін. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары әлі жалғасуда, — деді А. Уәкішев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Спикер Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретіне жәбірленушілерді құтқару және эвакуациялау кіретінін еске салды. 

− Біздің бөлімшелер үйлесімді жұмыс атқарып, мүмкіндігінше барлық адамды құтқарып, эвакуациялап, жылыну пункттеріне жеткізді. Жолаушыларға жылыну пункттерінен Астанаға және басқа да бағыттарға жету қажет болды, біз оларды пойыздарға мінгіздік, — деді А. Уәкішев. 

Бұған дейін 3 қаңтарда «Астана-Щучье» тас жолындағы жаппай көлік апатында 95-ке жуық автокөлік зардап шеккенін жазған болатынбыз.