Жүргізушілердің бензинмен жүретін көліктерін газға ауыстыруының себебі неде

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Автокөліктердің бензиннен сұйытылған газға көшуінің басты себептерінің бірі – баға айырмашылығы. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.

Фото: freepik.com

Айтуынша, елде сұйытылған мұнай газының 1 литріне 59-89 теңге деңгейінде белгіленген төмен бағаға байланысты отынның бұл түрін тұтыну өсті.

– Осылайша, 2023 жылы сұйытылған мұнай газының ішкі тұтынуы 2 287 мың тонна болса, 2024 жылы сұраныс шамамен 2 382 мың тоннаға жетіп, 4 пайызға артты. Автокөліктердің бензиннен сұйытылған газға көшуінің басты себептерінің бірі – баға айырмашылығы.Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың 11 айында газ қозғалтқышы бар автокөліктер саны 661 мың бірлікті құрады немесе 2023 жылмен салыстырғанда 12 пайызға өсті, – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сонымен қатар, ол 2024 жылдың шілде айында иинистрліктің бұйрығымен сұйытылған газды көтерме және бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бекітілгенін жеткізді.

– Мәселен, өңдеуші кәсіпорындар үшін ең жоғары көтерме баға тоннасына 45 158 теңге, ал Алматы қаласында сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 89 теңге.Өңірде 4 газ желісі ұйымы және 147 автогаз құю станциясы бар. 2023 жылы қалада 118 мың тонна сұйытылған мұнай газы тұтынылды. Осы жылдың қаңтар-қараша айларында шамамен 131 мың тонна тұтынылды,– деп атап өтті министр.

Алматы қаласын газдандыру деңгейі 100 пайызға жетті. Қазір 2 миллионға жуық адам газбен қамтылған.

Бұған дейін, Алмасадам Сәтқалиев жанар-жағармай бағасы қатаң бақылауда екенін айтқан болатын.