Журналист этикасы кодексі қазақстандық БАҚ-тың басты ұстанымдарын нығайтуға бағытталған - Д.Мыңбай

АСТАНА. 30 қазан. ҚазАқпарат - Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай Қазақстан журналистерін Қазақстан Республикасы журналисінің этикасы кодексі қабылдануымен құттықтады.

ҚазАқпарат құттықтаудың мәтінін таратады.

Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбай былай деп мәлімдеді:

Мен Қазақстан журналистерін тарихи оқиға - Қазақстан Республикасы журналисінің этикасы кодексі қабылдануымен құттықтағым келеді.

Өздеріңіз білетіндей, Кодексті жасау идеясын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» деп аталатын мақаласында айтқан болатын. Кодексті әзірлеу және қабылдауға дейінгі одан әрі жұмысты Бас редакторлар клубының қолдауымен Қазақстан Журалистер одағы өз мойнына алды. Құжаттың мәтіні бүкіл ел бойынша журналистер арасында кеңінен талқыланды. Бұл орайда халықаралық тәжірибе, ЕҚЫҰ сияқты және басқа да ұйымдардың материалдары мұқият зерделенгенін білемін.

Бұл Кодекске қол қойылуы саланы дамытудың сапалы жаңа кезеңі басталуы деп бағалауға мүмкіндік береді және қазақстандық журналистиканың жоғары корпоративтік рухының куәсі болып табылады.

Кодекстің қазақстандық журналистиканың басты кәсіби-этикалық ұстанымдарын нығайтуға бағытталғаны қуанышты. Құжаттың кіріспесінде көрсетілгендей, «Кодекс өзін ұстай білуге моралдық-этикалық бағдар болып табылады, журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына сенім мен құрметке қол жеткізуге жәрдемдеседі».

Кодекс отандық журналистикада жақсы және маңызды дәстүрлерді қалыптастыруға ықпал етеді, БАҚ-тың өзін-өзі реттеуінің тиімді тетігі қызметін атқарады деп сенемін.