Журналист Михаил Козачков ұйымдасқан қылмыстық топқа көмектескен деген күдікпен ұсталды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржылық мониторинг агенттігі Михаил Козачковты ұстады, деп хабарлайды ҚаАқпарат агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Михаил Козачков Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік жолмен бизнесті тартып алуға көмектескен деген күдік келтіріліп отыр.

«Қоспаев пен оның сыбайластары танымал кәсіпкерлердің бизнесін тартып алу қоғамда үлкен резонанс, теріс пікір тудыратынын түсініп, рейдерлік құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында Козачковтың қызметін пайдаланды. Өз кезегінде, Козачков құқық қорғау органдарында көп жылдық тәжірибесі бар досы Бурхан Жансейітовті тартып, ірі көлемде сыйақы беріп, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне көмектеседі», - делінген хабарламада.

Агенттік дерегінше, Жансейітов өзінің бұрынғы байланыстарын пайдаланып, ұйымасқан қылмыстық топтың мүддесіне сай компромат мәліметтерді жинап отырған, ол ақпараттың біраз бөлігі кейін жарияланды.

Сонымен қатар, Жансейітов Козачковқа Телеграм-каналын модерациялауға көмектесті, атап айтқанда, журналистің жазбаларының астына ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелерімен бірігіп, комментарийлер қалдырып, қоғамдық пікір қалыптастырды. Ал посттарға жағымсыз пікірлер қалдырған жазбаларды өшіріп, пайдаланушыларды бұғаттап отырған.

«Тергеу барысында Жансейтов пен Козачковтың өз қызметтері үшін ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінен 52 млн теңге сыйақы алғаны дәлелденді. Кәсіпкер Әбдіғаппаровтың шешесі Жүнісбековаға тиесілі «Есентай сити» жобасындағы үлесті рейдерлік жолмен тартып алу үшін Козачков Әбдіғаппаровтың беделін түсіретін бірқатар мақалалар жариялады. Бұл ретте журналист «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң талаптарын өрескел бұзды, өйткені кейбір жағдайларда ол көрінеу жалған мәліметтерді, сондай-ақ банктік, отбасылық және басқа да заңмен қорғалатын құпия деректерді таратты», - делінген мәліметте.

Биылғы сәуірде кәсіпкер Абдуллаев Қоспаевтың қылмыстық топ мүшесі – Руслан Шалин шыны ыдыстар шығаратын зауытын рейдерлік жолмен тартып алмақ болғанын айтып жұртшылыққа жүгінді, оның айтуынша, Шалин заңды меншік иесін кәсіпорынды басқарудан шеттетуге тырысқан.

ҚМА ақпаратына сәйкес, схема бойынша, Козачков қылмыстық топтың мүддесі үшін әрекет ете отырып, зауыт иесінің беделін түсіретін бірқатар мақала жариялады. Бұл ретте Алматы облысы тұрғындарының алкоголь өнімімен улануы және жәбірленушінің қасақана кісі өлтіруге қатысы бар екені туралы көрінеу жалған мәліметтер таратылды.

«2022 жылдың шілде айының басында Қоспаев тобының мүшелері құқық қорғау органдарындағы дереккөздері арқылы Қаржылық мониторинг органдары олардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша жедел іс-шаралар мен тергеу жүргізіп жатқанын білген. Жасалған қылмыстары үшін жауапқа тартылудан қорқып, топ мүшелері Танашев, Шалин, Қоспаев Айдос, Козачков пен Жансейітовтің қатысуымен тергеу органдарының беделін түсіру және оның жұмысына кедергі жасау жоспары іске асырыла бастады. Жұмысты Елдос Қоспаев үйлестіріп отырған», - делінген хабарламада.

Биылғы 12 шілдеде Алматы қаласында Жансейітов қылмыстық топтың белсенді мүшесі - Айдос Коспаевқа бақылау жүргізген жедел қызметкерлердің машинасының жолын бұғаттады.

«Алдын ала дайындалған сценарий бойынша адвокаттар мен Козачков оқиға орнына келіп, қорғаушыларды жасырын бақылау жүргізіліп жатқанын әшкерелегені туралы жалған мәліметтерді көпшілікке тарата бастады. Биллинг пен бақылау камераларын қолдану арқылы сол күні немесе оның алдындағы бірнеше күнде жедел машина мен адвокаттардың жүру бағыты мүлдем қиылыспағаны анықталды.

Козачков қылмыстық топ мүддесі үшін нақты деректерді бұрмалап қана қоймай, олардың іс-әрекеттерін сол жерде үйлестіріп отырған және Айдос Коспаевқа бақылаудан қашып, жасырынуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде соңғысы іздеуге жарияланды.

Бұрын хабарланғандай, өзінің жазаға тартылмайтынын сезген Жансейітов, заңды ашық түрде таптап, бұзақылық әрекеттер жасап, құқық қорғау органы қызметкерінің денесін қасақана жарақаттаған.

Бұдан басқа, Козачковқа және басқа тұлғаларға қатысты мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді заңсыз жинау және тарату фактілері бойынша қылмыстық іс тергелуде.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда, Қоспаевтың ҰҚТ мүшелерінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі рейдерлік жасады деп айыпталған күдікті Елдос Қоспаев пен оның сенімді тұлғаларына қатысты тергеу басталғанын жазған едік.