Журналист өзінің әр сөзіне жауап беруі тиіс - Журналистер одағының төрағасы С. Матаев

АЛМАТЫ. 23 шілде. ҚазАқпарат - Кез келген ақпаратқа қойылатын ең басты талап - ең алдымен сенімді, содан кейін ғана жеделдік пен оқуға тартымды болуы,

 деп санайды ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

«Қоғамның талқысына салынатын кез келген ақпарат шынайы, сенімді әрі екі дерек көзінен тексерілген болуы тиіс. Соңғы уақытта Қазақстанда елді дүрліктірген бірнеше оқиғалар орын алды. Өкінішке қарай беріліп жатқан ақпараттардың басым бөлігі шындыққа жанаспайды. Журналист ақпаратты дайындауда өзінің әр сөзі үшін жауап беретінін ұмытпауы тиіс. Бұл - журналистиканың басты қағидасы», - деді С. Матаев.

Оның сөзіне қарағанда, бұқаралық ақпарат құралдары елді дүрліктірмеуі тиіс. «Мәселен, соңғы күндері ғаламторда «Арқанкерген» заставасының бірнеше шекарашысы тірі екендігі, олар В. Челахтың оқиғасын қайталаудан қорқатындығы жөнінде ақпарат өріп жүр. Бірақ мүрделерді тану бойынша сараптама жүріп жатқандығы белгілі. Әрине, мұндай ақпарат қоғамды шошытып, дүрліктіреді. Тағы да бір мысал, өңірлік газеттің сайты бір жыл бұрынғы ақпаратты жазыпты. Бұның барлығы әріптестеріміздің оқиғаға кәсіби тұрғыдан қарамауы деп білемін»,- дейді ҚР Журналистер одағының төрағасы.

«Менің ойымша, біздің мамандығымыздың ең басты қағидасы  сенімді әрі шынайы ақпарат болып табылады. Журналистің болып жатқан оқиға бей-жай қарамауы тиіс екендігі сөзсіз, алайда ол мемлекеттік органдар мен ведомстволарға, жауапты тұлғалардың сөздеріне жүгініп, ақпараттың рас-өтірігін тексеруі шарт»,- деп атап өтті өз сөзінде С. Матаев.

Оның пікірінше, бүгінгі күні ақпарат өмірлік басты өнімболып табылады, өйткен  жұртшылық  өз елінде, ауданы мен елді мекенінде болып жатқан оқиғаға қанық болғысы келеді. Алайда, өкінішке қарай соңғы уақытта көптеген анонимді пікірлер мен блогерлер пайда болды, олар өздерінің рейтингтерін көтеру үшін ұзынқұлақтан тараған ақпаратты пайдаланады.

«Иә, біз кейде қателесеміз, тым әсірелеп жіберетін кездеріміз де болады. шығармашылық ұйымдардың басшысы ретінде Қазақстанның журналистері ҚР Конституциясы мен заңы аясында жұмыс істеуге тырысады деп сеніммен айта аламын. Алайда сенсация қуған әріптестеріміз кейде жаңсақтық жасап, ақпараттағы өрескел қателіктерге бой алдыратыны бар. Сондықтан, әсіресе адам тағдыры мен қауіпсіздігіне келгенде мұқият болу қажет», - деді С. Матаев.

Ол журналистерді, әсіресе жас журналистерді елінің патриоты болуға, қырағылық танытуға шақырады, өйткені кейбір күштер журналистиканы  өзінің жеке мүддесіне пайдалануға әрекеттенеді.

 «Дәл ақпараттар мен нақты мәліметтер, жақсы сараптамалар барлық мәселелерді шешуге, түсінуге көмектеседі. Тексерілген ақпарат бұл - журналистерге деген сенім, барлық БАҚ-ға деген сенім», - деп атап өтті ҚР Журнистер одағының төрағасы.