«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасына 250 өзгеріс енгізіледі. Үш сала маңызды өзгерістерге ұшыраған: бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттандыру және байланыс туралы. Үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам қайраткерлерінен келіп түскен ұсыныстар ескерілді. Қазіргі таңда БАҚ қызметін үйлестіретін заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде талқылануда.
Ақпарат және коммуникациялар министрі хабарлағандай, заң жобасы іске қосылғаннан кейін журналистер әр адамның жеке мәліметтерін қолдану үшін одан рұқсат алуға міндеттеледі.
«Рұқсат алу - бұл қалыпты нәрсе. Біз оны қалдырдық, нақтыладық. Жазбаша келісім алу міндетті емес, ақпаратты жариялау үшін диктофонға жазып алса да жеткілікті. Жеке мәліметтер бүкіл әлемде қорғалады. Бұл кез келген мемлекеттің конституциясында түрлі деңгейде бекітілген. Бұл қалыпты тәжірибе», - деді Дәурен Абаев.
Сондай-ақ, мынадай түсініктер енгізіледі: ресми хабарламалар, ақпараттың шынайылығын тексеру, мемлекеттік органның ресми өкілі. Балалардың зорлық-зомбылығы бейнеленген суреттерді жариялауға тыйым салынды.
«Біз журналистердің ақпаратты тексеру үшін бірқатар әрекеттер жасауы керектігіне сенімдіміз. Мысалы, қазір көптеген ақпараттарды тексерусіз әлеуметтік желіден алып, жариялап жатқаны жасырын емес. Біз бұл ақпаратты жарияламас бұрын, алдымен қоңырау шалып, нақтылау қажет деп есептейміз», - деп хабарлады Ақпарат және коммуникациялар министрі.
14:00, 16 Маусым 2017
Журналистер әлеуметтік желіден алған ақпараттарды тексерулері керек - Дәурен Абаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметін үйлестіретін заң жобасы күшіне енгенде оларды не күтіп тұрғанын Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Ашық диалог» тележобасында айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.