Журналистер арасында Халықаралық байқаудың қорытындысы шығарылды
18:43, 04 Мамыр 2009
АЛМАТЫ. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы/ - Бүгін Алматыда 3 мамыр - Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне орай өткізілген «Еркін сөз туралы – еркін» атты халықаралық журналистер байқауы аяқталып, оның қорытындысы жария етілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталған байқауды Қазақстан Журналистер одағы, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры, Халықаралық IFEX еркін сөзді қорғау қауымдастығы, «Freedom House» қоғамдық ұйымы, «Журналистер» қоғамдық бірлестігі (Қырғызстан) және Тәжікстанның тәуелсіз БАҚ-ы Ұлттық қауымдастығы ұйымдастырған. Байқауға сұхбат, мақала, эссе жанрларында орындалған жұмыстар келіп түскен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайыс жеңімпаздары көкейкесті мәселелерді жаңаша көрсету, біліктілік пен нақтылық, аналитикалық көзқарас, көркемдікпен баяндай білу тұрғысынан анықталған. Сайыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қырғызстан бойынша «Deutche Welle»-«Неміс толқынының» тілшісі Виталий Катаргин, екінші орынды Тәжікстанның «Вароруд» газетінің және сайтының тілшісі Нематулло Мирсаидов, үшінші орынды Қазақстанның Қостанай қаласындағы «Біздің өмір» газетінің тілшісі Ризабек Исабеков иеленді.Конкурстың нәтижесі бойынша таңдаулы мақалалардың жиынтығы кітап болып шығарылмақ.