Оны ұйымдастырушылар бүгін Алматыда байқаудың алғашқы жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде айтты.
"ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасын жүзе асыру аясында экономика мен қаржы салаларындағы үздік сараптамалық материалдарға жарияланған бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 120-дай жарияланым келіп түсті. Алайда олардың ішінде индустриялық дамуға арналған материалдар аз болды. Сондықтан да қазылар алқасының шешімімен олардың негізгі кезеңге - 50, ал ақтық сынға 28-і ғана жіберілді", - дейді Қазақстан журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаев.
"Қазақстанның даму банкі" АҚ-ның басқарма төрағасы Ғалым Исқалиев жеңімпаздарға диплом тапсыру кезінде бұл байқаудың алдағы уақытта дәстүрлі шараға айналатынын жеткізді. Сыйақысының көлемі жағынан (700 мың теңге) Президент стипендиясы мен грантынан кейінгі ең үлкен байқау болып отырған бұл байқауда жеңімпаздар 4 аталым бойынша марапатталды. Онда "Қазақ тілді мерзімді басылымдар арасынан "Түркістан" газетінен Есенгүл Кәпқызы, "Мұнайлы Астана" (Атырау) газетінен Құттыгерей Смадияр, орыс тілді мерзімді басылымдар арасынан "Деловая неделя" газетінен Ұлболсын Қожантаева үздік деп танылды. Мұндай құрметке қазақ тілді телерадио арналарының қызметкерлерінен "Қазақстан" РТРК" АҚ-нан Нұртас Көшеров пен ҚР Президенті телерадиокешенінің шығармашылық ұжымы, ал орыс тілді телерадио арналарынан "Мир" мемлекетаралық телерадиокомпаниясынан Анастасия Солнцева және "Қазақстан" РТРК" АҚ-ы редакторлары Сәйгерім Оразалиева мен Арайлым Рашитова ие болды.