Журналистер Президент жүлдесі үшін шағын футболдан сынға түседі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің жүлдесі үшін БАҚ өкілдері арасындағы шағын футболдан жарыс өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«30 тамызда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Арена» стадионында ҚР Конституциясы күніне орай тұңғыш рет БАҚ өкілдері арасында Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін шағын футболдан республикалық турнир өтеді. Турнирдің мақсаты – БАҚ қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, әріптестік және достық қарым-қатынасты нығайту», - деп жазды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те.

Жарысты ұйымдастырушы – ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

«Турнирге еліміздің БАҚ өкілдерінен құралған шығармашылық топ командалары қатыса алады. Жеңімпаз және жүлдегер командалар, сондай ақ арнайы номинациялар бойынша үздік атанған ойыншылар үшін қаржылай сыйлық бар», - деп толықтырды ол.