«Журналистерді түрлі іс-шараларға қатысуға аккредитациялауды автоматты түрде жасау үшін арнайы пресс-карта енгізу ұсынылады. Бүгінде бұл новелла қызу талқылануда, оған қатысты медиа қауымдастық өкілдері мен жұмыс тобы мүшелерінің пікірі екі жақты болды. Бұл мәселедегі біздің басты мақсатымыз – аккредиттеу процестерін автоматтандыру. Ал оны жүзеге асырудың басқа да формаларына министрлік жалпы қарсы емес екенін айта кеткім келеді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі «Масс-медиа туралы» заң нормаларын түсіндіруге арналған брифингте.
Осы орайда ол Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен нормаларға жеке тоқталып өтті.
«Мәселен, депутаттар мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға және оның үлесін 50-ден 70 пайызға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту арқылы отандық контентті дамытуға бағытталған бірқатар жүйелі шараларды ұсынды. Алайда сала өкілдерінің пікірін ескере отырып, министрлік кезең-кезеңімен көшуді ұсынады. Депутаттар ұсынған жаңашылдықтар шетелдік теле-радио бағдарламалардың ретрансляциясын 20-дан 10 пайызға дейін төмендетуге, сондай-ақ өңірлік және балаларға арналған БАҚ-ты қолдаудың бірқатар стандартына да қатысты болып отыр. Қазір депутаттар ұсынған түзетулер жұмыс тобының отырыстарында талқылануда», - деді Аида Балаева.