Журналистердің құқығы мен бостандығы туралы ұлттық баяндама әзірленеді
«Бізге мәлім, халықаралық ұйымдар әртүрлі бағытта баяндамалар әзірлейді. Осы орайда біз биыл мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып жыл соңына дейін Мемлекет басшысына ұлттық баяндама әзірлейміз. Онда алдымен тілшілердің құқығын қорғау және сақтау туралы мониторингтік талдау, БАҚ өкілдерінің құқығы бұзылуының проблемаларын зерттеу, сонымен қатар тілшілердің қауіпсіз жұмыс істеуі және ақпаратты еркін алуы мен тарату қаралады», - деді Қанат Ысқақов Мәжілісте «Масс-медиа» туралы заң жобасын талқылау барысында.
Оның айтуынша, ұлттық баяндама ақпаратты еркін алып, таратуда қолжетімділікті қамтиды.
«Ұлттық баяндама арқылы БАҚ ықпалы өсе түседі. Бұл біз үшін маңызды», - дейді ол.
Бұған дейін БАҚ және тілшілерді сотқа беру мерзімі 3 жылға дейін қысқаратыны туралы хабарлаған едік.