Медифорумға аудандық, қалалық газеттердің бас редакторларынан бастап облыстық, аймақтық медиахолдингтердің директорлары, еліміздегі жетекші ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған медиафорумға белгілі журналист Ғалымжан Елшібай модераторлық етті.
Алғаш болып баяндама жасаған «Aulieata» медиахолдингінің директоры Оралхан Дәуіт ақпарат саласындағы реформалардың тиімсіз тұстарын атап өтті. Өңірлердегі медиахолдингтердің жұмыстарында бірізділіктің болмауынан әр өңірде мемлекеттік тапсырыстың бағасы да әртүрлі екенін айтты.
Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай «Масс-медиа туралы» заң жобасында бірқатар жақсы жаңалықтың барын алға тартты. Сондай-ақ аса жауапты кезеңде журналистердің өзара бірлігі өте қажет екенін жеткізді.
«Масс-медиа туралы» Заң жобасы бойынша құрылған жұмысшы тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан осы уақытқа дейін заң жобасына қатысты екі жүзден астам ұсыныс түскенін мәлдімдеді. Ал сенатор Бибігүл Жексенбай журналистердің қауіпсіздігіне баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.
«Жасыратыны жоқ, өзіміз журналистикада жүргенімізде телеарнаның камерасын 45 мың долларға, ал журналисті 1 мың долларға ғана сақтандырып, шет мемлекетке, соғыстың ортасына жіберген кездерді де көргенбіз» - деді ол.
Заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері Есенкүл Кәпқызы, Жұлдыз Әбділдә, Серік Әбікенұлы Түркістан төрінде ұлттық журналистиканың ертеңіне қандай қауіп төнуі мүмкін екеніне нақты айғақтар келтірді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахметов жаңа заң жобасында журналистерге көрсетілетін қолдауларды түсіндірді.
Жиында Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Аманжол Оңғарбаев және түркістандық журналистер күн тәртібіндегі тақырып төңірегінде орамды ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.
Медиакраттар медиафорумының қорытындысы бойынша салалық министрлікке және Парламентке «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты ұсыныстар жолданатын болды.