Журналистерге арналған пресс-тур аудандарда жалғасты - Қызылорда
Индустриялық жобалардың жүзеге асу барысымен танысқан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдымен Қазалы ауданындағы «Рза» АҚ-ның тауарлы-сүт фермасына аялдады. Бүгінде фермада 660 бас асыл тұқымды малды өсіруге әзірлік жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл жобадан қазалылықтар үлкен үміт күтіп отыр. Атакәсіптің көкжиегін кеңейтуде көп тәжірибе жинақтаған серіктестіктің іскерлік сипаттағы қарымды қадамы көпшілікті қуантуда. Мал тұқымын асылдандыру, мал өнімдерін өңдеу бағыттарында байыпты жұмыстар тындырған кәсіпорын өнімдері тек өзіміздің аймақта ғана емес, еліміздің азық-түлік нарығында да сұранысқа ие болары сөзсіз.
Одан әрі журналистер Қармақшы ауданындағы «БИС» ЖШС-нің теміржол цистерналарын жуу стансасына ат басын бұрды. Кіші сыйымдылықтағы құрылғы мұнай қалдықтарын тазалауды жүзеге асырады. Мамандар журналистерді құрылғының жұмысымен егжей-тегжейлі таныстырды.