ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Шиелі кентінің әкімі Ғабит Аманжоловтың тәртіптік ісі Қызылорда облыстық әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Ол аудан әкімінің есеп беру кездесуінде журналистерге дөрекі мінез көрсетіп, тұрғындармен сөйлесу барысында әдеп сақтамаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шиелі кентінің әкімінің аталмыш әрекетіне байланысты Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының қызметкері қызметтік тексеру жүргізген. Нәтижесінде журналистер ұсынған бейнеқордағы көріністер таразыланды. Онда ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 5-тармағы 2,7 тармақшаларында көзделген мінез-құлық стандарттарының бұзылғаны анықталды.
«Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында Шиелі кентінің әкімі қызбалыққа салынғанын, бұл істің енді қайталанбайтынын жеткізді. Оған сөгіс түріндегі шара көрілді», - деп мәлім етті ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызметі істері департаменті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.