Журналистерге қастандық жасалған оқиғалар мемлекеттік органдар тарапынан ашық тергелуі керек - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары əлеуметтік желілер мен интернет-қауымдастық мемлекеттік органдармен өзар іс-қимыл орнатудың жаңа сатысына көшті, дейді Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Вячеслав Калюжный.

"Жуырда Астанада болған той кортежіне қатысты дау-дамайды мысалға алайық, бұдан өзге де мысалдар толып жатыр, айтпағым, бұл оқиғалардың барлығы азаматтық қоғам мемлекеттік органдардың жұмысына, жауапкершілігіне тиімді ықпал ете алатынын, тиісті органдардың назарын нақты проблемаларға аудара алатынын дəлелдеп отыр. Жəне де, мемлекеттік органдар да осындай сипаттағы өзара іс-қимыл орнатуға дайын екенін көрсетті", - дейді Орталық басшысы.

Ал, ҚазАқпарат тілшісімен əңгімесін жалғастырған ол бірнеше күн бұрын Алматыда белгісіз біреу соққыға жыққан журналист-блогер Бота Жұманованың ісін Ішкі істер министрлігінің өзі бақылауға алатынын айтты.

"Мемлекеттік органдар осындай фактілерге келгенде шұғыл əрекет етуі керек. Əрине, Бота Жұманованың ісі əлі тергеліп жатыр. Мүмкін оны (Бота Жұманованы - агенттік) расымен де қызметіне, жазғандарына бола соққыға жыққан шығар, мүмкін, бұл бір бұзақының ісі шығар. Бұл іс ІІМ жеке бақылауында жəне осындай істердің беті ашылып, кінəлілер жазалануы керек", - дейді В. Калюжный.

"Біздегі тəжірибе заңнама мен Конституция Интернетте еркін ақпарат таратуға мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Мемлекеттік органдардың мойнына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр, яғни, мемлекеттік органдар интернет журналистеріне жасалған қастандықтарды тергеуде ашық болуы керек", - дейді ол халықаралық интернет-платформа туралы өткен жиында.

Айта кетейік, бүгін Астанада "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен халықаралық интернет-платформа өтті. Платформаға Қазақстан, Ресей, Британия, Беларусь, Украина, Грузия, Тəжікстан жəне Қырғызстан елдерінің белгілі сарапшылары қатысуда.