Жиында қазақстандық білім мен ғылым жүйесінде қордаланып қалған күрделі мәселелер ортаға салынып, отандық білім мен ғылым саласына ерекше назар аударылды. Соның бірі де бірегейі журналистика мамандығындағы мәселелер.
Бұл туралы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз орталығы хабарлап отыр.
Журналистикаға бөлінетін грантты үстіміздегі оқу жылында көбейту туралы уәдеге түрткі болған ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Намазалы Омашұлының сауалы болды.
Намазалы Омашев министрдің білім мен ғылым саласына жасап жатқан игі істерін айта келе: «Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының саны 100-ге жетпейтін уақытта, республика бойынша журналистика мамандығына қазақ және орыс бөлімін қосқанда 100 орын грант бөлінетін. Еліміз тәуелсіздік алып, әлемде ақпараттың алдыңғы қатарға шыққан заманында БАҚ саны Қазақстанда 2,5 мыңнан асып отыр. Оған агенттіктерде жұмыс жасайтын баспасөз хатшыларын қосыңыз. Ал республикамызда журналистика мамандарын даярлайтын 27 оқу орны бар. Былтыр министрліктен журналистикаға грант бар-жоғы қазақ бөліміне 35, орыс бөліміне 25 орын бөлінді. Бұл дегеніңіз әр оқу орнына бір-бірден ғана грант тиесілі деген сөз. Биыл факультетімізге тиісті 100 баллды толық алған абитуриенттер оқуға түспей қалды. Орнына «Алтын белгі» иегерлері мен арнайы квотасы бар студенттер түсті. Осы мәселенің шешімін табарсыз деп үміттенемін» деген сөзіне, министр Бақытжан Тұрсынұлы оның журналистика саласындағы білікті де білгір маман екендігін көпшілік алдында айта келе, қойған сұрағына орай жауап берді.
Іле-шала Бақытжан Тұрсынұлы мінбеде тұрып, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Серік Мәуленұлына: «Алдағы уақытта журналистика мамандарын даярлайтын оқу орны тек Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болуы керек. Өзге қалалардағы журналистика даярлайтын бөлімшелер өздерінің журналист мамандарын даярлауға мүмкіншіліктері бар екендігін дәлелдей алса, жұмыстарын ары қарай жалғастырсын, ал бәсекеге қабілеттілік таныта алмағандарынан журналистика мамандарын даярлау туралы лицензияларын алып тастау» туралы тапсырма берді.
Сәтін салса, үстіміздегі жылдан бастап журналистикаға қарымы жетсе де, қалтасы көтермей келген талантты жастарға жол ашылмақ.