Әлеуметтік желіде қозғалыстағы көліктің люгінен денесін шығарып, торт әзірлеген әйелдің видеосы тарады.
Бейнежазба полицияның назарына ілініп, тәртіп сақшылары KIA Ceed автокөлігін және оның жүргізушісін жедел анықтады. Тексеру барысында көлікті 36 жастағы ер адам басқарғаны, ал оның 35 жастағы жұбайы люктен шығып, торт әзірлегені белгілі болды.
– Жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын бұзған ерлі-зайыптыға қатысты тиісті әкімшілік шаралар қабылданды, – делінген Түркістан облысы полиция деапартаментінің хабарламасында.
Ведомство әлеуметтік желіге контент түсіру кезінде жол қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырды.
– Әсерлі кадр түсіру үшін жасалған мұндай қауіпті әрекеттер адам өміріне қауіп төндіріп, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін, – деп ескертті полиция.
Бұған дейін Түркістан облысында жолдың дәл ортасында көлік қозғалысына кедергі келтірген жігіттің видеосы әлеуметтік желіде тараған еді.