Жұрттың шағымына жүре қарауға жол берілмейді - Республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық «Дала мен қала» газетінің бүгін, шілденің 27-сінде және өткен аптада жарық көрген «Жас қазақ», «Алматы ақшамы», сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» апталығында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Жұрттың шағымына жүре қарауға жол берілмейді». «Дала мен қала» газетінде осы тақырыппен берілген мақалада «Әрбір шенеуніктің істеген еңбегі ұлтқа ұпай, елге пайда әкелуі тиіс. Ал атқарған еңбек осы ұлтқа қалады. Ешкім ешбір байлықты өзімен бірге алып кетпек емес. Мемлекеттік қызметкер үшін  байлықтың үлкені сол - халықтың құрметіне бөлену. Бұл - толғаныстан туған ой емес, Елбасының байламы, демек, шенділер үшін берілген бұйрықпен тең», дейді тілші.

Осы басылымда «Ауыл және азық-түлік агрессиясы» деген тақырыппен журналистік зерттеу басылған. Тілші «Елміздегі әлеуметтік-экономикалық қана емес, саяси салмағы да басым жетекші салалардың бірі - ауыл шаруашылығы», дей келіп, қазақта қанша гектар жайлау бар, ауылға «технологиялық революция» қашан жетеді, ауыл ұлттық бренд бола ала ма, отандық агросала сыртқы өнімнің шылауынан шыға ма деген сауалдарға жауап іздеген.

«Дала мен қаланың» 3-ші бетінде Аймақ айдарымен «Ақтау порты: су жолындағы қазақтың сүбелі сыбағасы» атты мақала жарық көрді. Онда Қазақстанның батысында орналасқан портты қаланың тарихына шолу жасалып, теңіз саудасын ұлғайту, жүк тасымалы әлеуетін кеңейту және экономикалық мүмкіншілігін арттыру мәселелері айтылған.

Сондай-ақ газетте жазушы, Қазақстан Республикасы Парламенті  Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменовтің халық композиторы, атақты әнші, классикалық халық музыкасының  ірі өкілі Ыбырай Сандыбайұлы туралы мақаласы басылған.

«Есту қабілеті нашар балалардың дыбыстарды толықтай естуіне енді отандық дәрігерлеріміз көмектесе алады. Алматы қаласындағы №5 қалалық клиникалық ауруханада мұндай балаларға арнайы операция жасалатын болды. Құлағының мүкісі бар балаларға операция жасау әзірге Орталық Азия елдері бойынша Алматы қаласындағы аталмыш ауруханада қолға алынып отыр», деп жазады «Дала мен қала» газеті. 

«Жас қазақ» газетінде «Қыр асқан қарадомалақтар» атты мақала жарық көрді.

«Атлант мұхитының үстімен ұшып барамыз. Сананы санқилы сауал қаумалайды. Америка шынымен-ақ қазақ балаларының Отанына айналды ма? Әлемді былай қойып, Айдың өзіне ауыз салған алпауыт жұрт қазақтың қарадомалағын жатсынбай, туған баласындай бауырына баса алды ма? Қаракөздер айдаладағы америкалықтарға неге айдай көрінді екен?» - осы сауалдарға тілші жауап іздеген.

«Су мұнайдан да қымбат». Осы тақырыпта саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов пен Қырғызстанның «Орталық Азияның су-энергетикалық ресурстары мен су көздерін пайдалану проблемаларын зерттеу институты» қоғамдық қорының президенті Эрнест Қарыбеков арасындағы екі елдің шекарасын жарып өтетін өзендер туралы, оның суы мен энергия көздерін тиімді пайдалану мәселелері жайлы әңгімесі оқырман назарына ұсынылған.

Осы газетте «Тағы бір шу шығаруға - қаражат қолбайлау» деген тақырыппен кинорежиссер Ермек Тұрсынов сұхбат берген.

«Қазақ әдебиеті» апталығында қазақтың мәдениетіне, әдебиетіне, кино өнеріне зор үлес қосқан азаматтары туралы бірнеше мақала «Есендір Мұхамеджанұлы Тынышбаев», «Ғабит Мүсіреповтің Мойынқұмдағы күндері», «Шоған абыз өмір сүрген орта», «Қызыл жейделі, қызыл шырайлы» деген тақырыптармен берілген. Сондай-ақ Ғалым Доскеннің «Мәңгі мұңның сәулелі қуанышы» атты мақаласы бар. Мақалада композитор Тұрсынжан Шапаймен екеуара әңгіме де енгізілген.  

Сонымен қатар аталған басылымда Ділдәр Мамырбаеваның «Қоянжырық» және «О дүниенің есігі» деген екі әңгімесі мен Үндістанның халықаралық Падма Шри сыйлығының лауреаты, ақын Әубәкір Нілбаевтың «Тәж - Махал махаббат дастаны» атты дастаны берілген. 

«Қазақ әдебиеті» апталығы осы санының тең жартысынан астамына оқырмандардан келген  хаттарды жариялаған.

Сенбіде жарық көрген «Алматы ақшамында» «Жол картасының озық үлгісі  - Алматыда» атты мақала бар. Мақалада қалаға жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Ахметовтың «Жол картасы» жобасының жүзеге асырылу барысымен танысқандығы айтылған. 

«Алматы - электр қуатын үнемдеу үшін жаңа дифференциалды тариф енгізетін болды. Бұл тариф саясаты - негізінен тұтыну көлеміне тікелей байланысты болғандықтан, қала тұрғындары енді үнемдеуді үйрене бастайды», делінген «Алматыда электр қуатына дифференциалды тариф енгізіледі», атты мақалада.

Басылымда композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеевпен  көлемді сұхбат жарияланған. Әңгіме барысында композитор «Әлем музыкасының жетістіктері мен қазақ музыкасының интонациялық байлығын пайдалансаң, шеберлік деген сол. Ал, дүниежүзілік деңгейде жазу - кез-келген кәсіби маманның мақсаты», деп өз пікірін білдірген.