Ән менен прозаны қатар дамытып, өнер мен әдебиеттің қасиетін түсініп қастерлей білген ол Абай өмірінен үлгі-өнеге алған Шыңғыстаудың перзенті еді. Абай өмір сүрген қасиетті мекеннің тыныс-тіршілігін бала кезінен зердесіне тоқып, үлкен ақсақалдардың ғибратты сөздеріне тұщына білген де Жәкең еді...
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов 1949 жылы 22 наурызда Семей облысы Абай ауданына қарасты Қарауыл ауылында дүниеге келді. Ол Республикалық эстрада-цирк студиясын, Қазақтың Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тамамдады.
Жәнібектің ерекше дарындылығы әншілік, ұстаздық және зерттеушілік қабілетінен анық байқалды. Ән атасы Әміренің шәкірті - Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтен дәріс алып, Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырай, Естай, Ғазиз, Жаяу Мұса сынды халық композиторларының әндерімен сусындаған жас жігіттің алғаш өнерге келуі де кездейсоқ емес -тін.
1966 жылдың шілде айының бас кезінде «Қазақконцерт» бірлестігінде Ахмет Жұбанов Республикалық көркемөнерпаздар байқауына төрағалық етті. Сол байқауда Жәнібек бас жүлдені жеңіп алғанмен, оқуға қалмай ауылға кетіп қалады. Осы жәйді Ахаңнан естіген Жүсіпбек ағамыз Шыңғыстауға жазушы Сапарғали Бегалинның мерейтойына барған сапарында Жәнібекті іздеп тауып, Алматыға алып келеді. Орта бойлы талдырмаш бала келе «Қазақконцертке» әнші болып орналасады. Ол бір жыл бойы Жүсекеңмен бірге ел аралап, келер жылы Республикалық эстрада студиясы ашылып Жүсіпбек Елебековтың сыныбына оқуға түседі.
Жүсекең өнердегі әріптестері Қалибек Қуанышбаев пен Манарбек Ержановтың үйіне барғанда Жәнібекті бір елі қалдырмай ертіп, ғибратты сөз тыңдауға баулиды. Жәнібек бір себеппен оқуын тастап ауылға кеткенде де ұстазы қатты уайымдап қайтарып алады. Өзінің ісін жалғастыратын Жәнібек екенін түсінген ұстазы шәкіртіне аса қамқорлық көрсетіп, қыран құстай баулып, әншіліктің қыр-сырын егжей-тегжей үйретеді.
Жүсекең «менің телқоңырым» деп атап кеткен қос шәкірті Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменов өнер сахнасында ұстаз сенімін ақтады. Жәнібек алғашында Жүсекеңнің ән орындаушылық ерекшелігіне көбірек еліктейтін. Ақансерінің «Құлагер», Балуан Шолақтың «Ғалия», Ғазиздың әні «Ғазизді», Шашубайды «Аққайыңын» орындағанда ұқсастық анық байқалатын. Келе-келе Манарбек Ержановтың да домбыра қағысын, даусын көтерген кездегі әдеміліктерін алып, айтар әнінің қайткен күнде әсерлі шығуына көп күш жұмсап, үлкен ізденіс үстінде шыңдалды. Сөйтіп жылдар өте Жәнібектің әншілік болмысы қалыптасты.
Студия қабырғасында жүргенде-ақ сол кездегі республика басшысы, өнерге ғашық Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Жәнібекті ұстазымен бірге шақырып алып, ұзақ түнге әнін тыңдаған. Әншілік қабілетіне дән риза болып, Димекең ақ батасын берген-ді.
Жәнібек 1972 жылға дейін Республика ішкі істе министрі Шырақбек Қабылбаевтың қоластындағы ансамбльде әншілік етеді. Ансамбль тарағаннан кейін ҚазМУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі. Кейін «Жалын» баспасының ашылуына орай ақын Қабдыкәрім Ыдырысов Жәнібекті өнер бөліміне қызметке алады. Өнер жайлы өнер адамы жазса, ұтатыны белгілі. Ол редакторлық қызметті атқарар жүріп, қаймағы бұзылмаған халық өнерінің тарихын біртіндеп жаза бастады.
Оның өнер адамдары жайлы жазған очерктері мен мақалалары мерзімді баспасөз беттеріне шығып, өз деңгейінің жоғарылылығын танытты. Жәнібек - тәңір жаратқан әнші. Бала кезінде анасының әлдиімен бойға сіңген әдемі әуен өмір бойы жанына азық болып, әнге деген іңкәрлігін арттырды. Өсе келе ол әншілігімен қоса сөз саптауда шешендік танытып, көсемсөз шебері екендігін көпшілікке мойындатты. Ұстазы Жүсіпбек Елебеков дүниеден өткеннен кейін ол кісінің ұстаздық ісін жалғастыру Жәнібектей асыл шәкіртінің үлесіне тиді. Тумысынан сырбаз да сыпайы оның жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасынан ізгіліктің, парасаттылықтың белгісі анық байқалатын. Сөз қозғаса салмақты да байыпты оймен тыңдаушысын ұйытатын. Аса шешен де шежіре еді ол... Ол ән салғанда терең ой, ыстық сезіммен тыңдаушысының жүрек қылын шертіп, құлақ құрышын қандыратын.
Осы орайда бала кезінен тай-құлындай тебісіп бірге өскен құрбысы әнші Баян Сағымбаеваның естелігіне кезек берсек:
«Біз Жәнібек екеуміз бір ауылданбыз. Бірге оқыдық. Аудан орталығында тұратын шешемнің сіңлісі Жәнібектің үйімен көрші тұратын. Ол ерте есейді. Бізге кеп: «Доп ойнаған тозар, асық ойнаған азар...» деп алаңсыз ойнап жүрген бізге күлетін. Сонда мен : «ой, шал, кіп-кішкене шал» деп жақтырмайтын едім. Ондағым бала болған соң ойнамайсың да... дегенім еді. Сөйтіп, балалардың ортасында «кіп-кішкентай шал» атанып кеткен. Олай дейтініміз, үстінде қара шапан, басында қара тақиясы бар, қолында «Абай жолы» кітабы. Біз балалықтың қызығымен асыр салып ойнап жүрген болсақ, ол ересек адамдардай бізге ақыл айтатын. Оның ерте есейгенін осыдан-ақ байқауға болады ғой...»
Жәнібек Кәрменов өз кезінде Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясындағы халық әндері музыкасы кафедрасының ашылуына атсалысты. Сол кафедраның меңгерушісі де болды.
Жәнібек қазақтың халық әндерін орындаушылар мектебінің жарқын өкілдерінің бірі. Туған халқының әншілік дәстүрін, оның тағдыр-талайын, мән-мазмұнын терең білуі оның орындаушылық өнеріне өзіндік өрнек қосты. Шеберліктің жүрек шымырлатар шыңына жол ашты. Ол бабалар салған әншілік дәстүрді саф таза қалпында шәкірттеріне үйрете білді. Артына Бекболат Тілеуханов, Мейірбек Адамбеков, Рымтай Бөдесов, Әділет Мұса, Рамазан Стамғазиев сынды шәкірт қалдырған ұстаздың өнері Әміреден бастау алатыны сөзсіз.
Осы орайда өзі дүниеден өткенде екі жаста қалған кенжесі Шәкәрім жайлы да айта кетсек, Шәкәрім бүгінде әкесі оқыған университеттің журналистика факультетін бітірген. «Қазақстан» ұлттық арнасында «Сыр-сұхбат» хабарының жүргізушісі. Қанмен келген қасиетті өнер кенже ұлдың да бойынан табылыпты. Домбыраға қосылып ән салғанда әннің ажарын ашып, терең түсінікпен жүрегін қосып орындайтын балаң жігіт өнер зерттеушісі, жақсы қаламгер болуды басты мақсат еткен екен.
Жас та болса үлкен кісіше толғана білетін сөзге шешен Шәкәрім әкесі жайлы былайша толғанады:
«Кішкентай кезден әкемнің атын өшірмеу, асқақтату мақсатында келе жатырмын. Әкемнің өнері менің ой-санама қатты әсер етті. Қай балаға болмасын, әкенің жоқтығы қатты батады ғой. Әкем менің екі жасымда дүниеден өткенмен көз көрген адамдардың айтуымен оның болмысын көз алдыма келтіремін. Шығармашылық еңбегін оқи отырып, әкеммен сырласамын. «Әке -асқар тау демекші», мен өз әкемді ұлы тұлға деп есептеймін. Әкемнің теледидарда берген сұхбаттарынан әнді зерделеп айту керек дегенді көп естимін. Ал әнді айтпас бұрын оның тарихын, мағынасын ашып алу керек. Зерттеп алмай нақышына келтіріп орындау қиынға соғатынын әкем өз әңгімелерінде жиі айтады екен. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да тартпай қоймас тегіне» демекші, әкеме еліктеп, қолыма домбыра алып, ән салуға машықтандым. Әдебиетке қызығушылығым артты. Әкемнің бастаған ісін жалғастыру менің міндетім екенін бала кезден түсіндім. Әкемнің «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» деген кітабы өзінің күнделігінен, сұхбаттарынан құрастырылған. Соның ішінде әншілердің жетістіктеріне қуанып, кемшіліктерін көңіліне тигізбей ескертуі оның шеберлігі болса керек. Шаңырағымыздың үлкені Әсет Ішкі істер министрлігінде, Ақбота нотариалдық кеңседе қызмет етеді. Қазақтың ән антологиясының ішкі мұқабасына «Ұлым Шәкәрімге! Қазақтың әніндей пәк және ғұмырлы бол!» деп тілек білдіргені өзінің ғұмырының қысқалығын сезгені болса керек» - дейді Шәкәрім.
Ғалым-жазушы Ақселеу Сейдімбековпен бірлесіп құрған үлкен жоба бойынша «Асыл мұра» телехабар циклын ұйымдастырып, көрерменге өнер жайлы ой толғауларын жеткізіп, сол хабарға қатысты. Халық композиторларының әндерін айта отырып жасалған бұл хабарлар «Қазақстан» теледидарының алтын қорында әлі күнге сақтаулы. Ал «Ғашықтың тілі», «Махаббат әні», «Ақылбайдың әні» атты әдеби туындылары Жәкеңнің өмірден түйген өнер жайлы туындылары. Өлді деуге сыя ма ,айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, - деп Абай атамыз айтқандай, «Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына» деген өз жинағы мен «Жәнібек» деген естелік кітап әншінің өзі өмірден өткеннен кейін жарық көрген шығармалары.
Жәнібек тірісінде жазушы Тұрсын Жұртбаев, ақын Несіпбек Айтов, филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаев және әнші-сазгер Тұрсынғазы Рахимовпен бірге сырлас дос болған еді. Сол достарының бірі Құныпия Алпысбаев Қазақ радиосының әуе толқынына дайындаған бір хабарымызда жүрекжарды сырын былайша ақтарған еді:
«Әрине, әр адам жаны жақын достарын қадірлейді. Өмірінің соңғы сәтіне дейін мен Жәнібекпен бірге жүрдім. Тағдыр бізді солай қосты. Сол кезде Жәнібектің өнері мен адамгершілігін екіге бөліп айтуға келмейтін болды. Жәнібек Кәрменовті өнер сүйер қауым жақсы біледі. Өнерін адамгершілігі толықтырып тұратын. Оның әнін тыңдаған кез келген тыңдарман осылай ойлайды. Ал енді әншілігін бағалаған кезде біздің сонау дәстүрлі өнерімізді өз деңгейінде өзінің дарынымен биікке көтерген тұлға деп есептеуге болады. Өзінің ұстазы Жүсекең арқылы ұлы әншілік дәстүр қалыптасса, Жәнібек арқылы тағы бір биікке көтерілді. Жүсекеңнің шәкірті бола жүріп өзінің жолын тапты. Өмірдің ырғағына іздену, білу, өнерді меңгеру нәтижесінде жаңа бір әншілік мектепті және соны өзінің зерттеушілігімен ұштастырып, сол әннің болмысын зерттеу барысында ол өнер зерттеушісіне айналды. Тағы да бір ерекшелігі: ол керемет жазушы еді. Өзінің шығармашылығымен өнер әлемін көркем бейнеге көтере білді. Ол жай жазушы емес, ғаламат шешен де еді. Оның шешендік өнері жазушылығымен, әншілігімен ұштаған тәрізді бірігіп асқақ тұлғаны қалыптастырды. Ол жолдастыққа керемет жақсы еді. Ешуақытта досының, бірге жүрген жолдасының көңілін қалдырмауға тырысатын. Өнер туралы жағымсыз әңгімелер естісек, Жәнібектің пікірімен қағиданың қате екенін түсінетінбіз. Өнер адамы ретінде Жәнібек биік тұлға ретінде қалыптасты» дегені айрықша баға емес пе?!...
Ал сағынышқа айналған сол бір жылдар жайлы Тұрсынғазы Рахимовтың да айтары бар: «Жәнібек Кәрменов аға десе аға, дос десе дос еді. Тұрсын Жұртбаев, Несіпбек Айтов үшеуміз жұбымыз жазылмаған дос едік. Алматыға келсем, Қайрат пен Жәнібекке бірінші сәлем беруші едім. ...Біз облыстық теледидарда концертке түсіп жатқан едік. Суық хабар келді. Таңертең жолға шығамыз дегенде менің туған ағайым қайтыс болып, Жәкеңмен қоштасуға үлгере алмадым. «Ақбөкен» әні Алматыға кетіп бара жатқанда поезда туған еді. Бұл Жәнібекке арналған ән. Жәнібектің жылында бұрынғы тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылды. Сол жолы «Әнің қайда Жәнібек» әнінің тұсауы кесілді. Жыламаған жұрт жоқ, сондай тебіреніп, жылап тұрып осы әнді орындаған едім...»
Жәнібек қамшының сабындай қысқа ғұмырында әнімен, шешендік сөзімен жүздеген көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Өнер атты киелі дүниенің есігін имене ашып, шалқыта салған әсем әнімен сүйікті әнші қатарында жүзден жүйрік саңлақтар қатарына қосылып, соңына шәкірт ерткен дарын иесі небары қырық үш жасында фәни дүниеден озды.
Тұрсын досына: - Сен мынаны есіңе ұсташы, мен биылдан қалмайтын тәріздімін. Түсіме апам кіріп жүр, Ол үйді аралап көрді де: «Әй балам, баспанадан тарығып жүр екенсің. Жуырда үйің кеңиді. Сен менің қасыма келесің. Саған кең сарайдай үй салып қойдым. Іші сыңғырлап тұр. Сонда ғана жаның жай табады», - деп еді. Алланың аяны болса, анамның батасы ғой - деп мұңайған еді... Сол түсі айдан анық келіпті. Өмір сәулесі үзілгенмен Жәнібектің жағып кеткен өнер шырағы өшпек емес. Өнерін бағалайтын елі, ісін жалғастырып жүрген шәкірттері, ұрпағын жалғастырар ұл-қыздары, бәріне дәнекер Тотыдай аяулы жары, есімін жүрегіне алтын әріппен жазған қимас дос-жарандары бар Жәнібек екінші шығармашылық өмірінде халқымен бірге жасайды. Оған еш күмән жоқ...Ендігі үміт Шәкәрімдей әке жолын қуған асыл ұрпақта.
Биылғы жылы туғанына 65 жыл толған жезтаңдай, күміскөмей әнші, қарымды қаламгер, дала философы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовтің шығармалары оның ұрпаққа қалдырған рухани байлығы, қайталанбас үні ретінде жаңғырып, халықтық мұра құндылығымен ғасырлар қойнауынан орны алатыны сөзсіз.
Алтын Иманбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журанлистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосы «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі