Жүсіпбек Аймауытов
16:26, 24 Наурыз 2009
Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, драматург, аудармашы, зерттеуші, публицист.
Павлодар облысының Баянауыл ауданында туған. Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан текті, дәулетті, атақ-абырой біткен бай, ел арасында білікті кісілер екен. Жүсіпбек жастайынан арабша хат тану, оқу үстіне, ағаш шеберлігі, темір ұсталығы өнерін қатар үйренген. 15-16 жасында Павлодарға барып, орысша-қазақша екі сыныптық мектепке түседі. Онда ол бір жағынан бала оқытып, қаражат таба жүріп, оқуын 1914 жылы бітіреді де, Семейдегі оқытушылар семинариясына түседі.
1919-1924 жылдары Республика Халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі, Семей губерниясы оқу бөлімінің бастығы, «Қазақ тілі» газетінің редакторы қызметтерін атқарып, екі жылдай Қарқаралы өңірінде мұғалімдік қызметте болады. 1924-1929 жылдары Ташкенттен шығатын «Ақ жол» газетінің әдеби қызметкері, Шымкент педагогика техникумының директоры қызметтерін атқарады. Осы кезеңдерде ол ара-тұра сол кездегі саяси науқандарға араласады. Торғай уезінің ашыққан халқына жәрдем ұйымдастырып, жиналған малды «өзі пайдаланып кетті» деген жаламен жауапқа тартылып, артынан ақталады.
1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген сылтаумен 14 адам тұтқындалады. Олардың ішінде Ж.Аймауытов та бар еді. ОГПУ органдары істі тергеп-тексеріп, тиісінше қылмысты іс қозғау жайында қаулы қабылдамастан-ақ бірден айыптау мақсатына кіріседі. Аталған 14 адамның бәрін де тұтқындауға жеткілікті негіз боларлық айыптары жоқ болса да, прокурордың санкциясынсыз-ақ қамауға алады. Тергеу бір жылдан астам уақыт жүргізілген және заңсыз тұтқынға ұсталған осынша ұзақ мерзім ішінде сол 14 айыпталушының қылмысын дәлелдерлік бірде-бір объективті дерек табылмаған. Контрреволюциялық ұйымның бағдарламасы, жарғысы әлдебір алға қойған тәжірибелік мақсаттары мен соларды жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекеттері жөнінде тергеушілер ешқандай нақты дерек жинай алмаған. Соған қарамастан, айыптау қорытындысы жасалған да, ешкімнің бекітуінсіз-ақ соттан тыс органның қарауына берілген. Айыпталушылар іс материалдарымен таныстырылмаған, ешқайсысына да өздерін қорғау үшін мүмкіндік туғызылмаған. Аймауытовтың ісін қайта қарауға қатысқан Қазақ ССР Жоғарғы сотының төрағасы Т.Қ.Аймұхаметов «Осындай қолдан ұйымдастырылған жасанды іс бойынша 14 адамға түгелдей сырттай үкім шығарылған» ? дейді. Осылайша 1931 жылы сырттай үкіммен атылған.
Ж.Аймауытов өзінің қысқа ғұмырында артына аса бай әдеби, ғылыми мұра қалдырды. В.Шекспир, В.Гюго, Г.Мопассан, А.Дюма, А.Пушкин, Р.Тагор, Н.Гоголь, Л.Толстой, Дж.Лондон шығармаларын, бірқатар ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аударды. Қаламынан педагогика, психология, методика, эстетикалық тәрбие туралы зерттеулер туғызып, әдбиет, эстетика, сын саласына араласты, сан алуан публицистикалық мақалалар жазды. Оның «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар» пьесалары, «Жан жүйесі», «Өнер таңдау», «Комплексті оқу жолдары», «Мағжанның ақындығы туралы» ғылыми еңбектері ? күрделі дарынның қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығармалары.
Қаламгердің «Қартқожа», «Ақбілек» романдары сюжеттік құрылымы күрделі, көп желілі, кең тынысты, кейіпкер бейнесін ол өмір сүрген уақыт, тірлік кешкен орта ауқымында, жан-жақты мүсіндейтін қазақ әдебиетіндегі алғашқы көлемді эпикалық шығармалар. Ол қазақ әдебиетінде көркем прозада алғаш лиризм әкелген, сондай-ақ пейзаждың үздік үлгісін, психологизмнің терең иірімдерін тамыршыдай дәл басқан нәзік стилист суреткер.
Ж.Аймауытов 1918-1919 жылдары М.Әуезовпен бірге Семейде «Абай» журналын шығарып, «Екеу» деген бүркеншік атпен М.Әуезовпен бірлесіп, «Абайдың өмірі және қызметі», «Абайдан кейінгі ақындар» атты мақалалар жазды.
Артынан мол мұра қалдырған жазушының көркем шығармалары эстетикалық бояуының қанықтығымен, көркемдік қуатымен, стильдік даралығымен қазақ әдебиетінде соны бағыт қалыптастырды. Педагогикалық оқу орындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақтың жан-жақты білім алуын көздеген еңбектерін, оқу құралдарын жазды. Оның педагогика, психология және әдістеме саласында жазған ірі еңбектері өз уақытында елеулі рөл атқарды. Олардың ішінде «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау», т.б. туындылары бұл бағыттағы ғылымның бастауында тұрған ірі ғылыми еңбектер болып табылады.
Жазушының қаламынан туған мол мұраны М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты. Жинаққа оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген.
Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеурінінің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының сонылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ.
Қазақстанның көптеген қалаларында Ж.Аймауытов атындағы көшелер бар. Павлодар облыстық Қазақ музыкалық драма театрына қаламгердің есімі берілген.
Дереккөзі:
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы
«Тарихи тұлғалар» кітабы