Жұт жеті ағайынды - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 11 наурыз, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Қазақтың «Жұт жеті ағайынды» деген сөзінде де гәп бар екені анық. Өйткені, Жер шарының біраз өңірлеріне ауыр салмағын төндіріп тұрған дағдарыс елдердегі әлеуметтік ахуалдың төмендеп, қоғамның мазасыздануына алып келуде. Оған қоса, дағдарысқа түскен өңірлерде табиғат апаттары да жиілеп барады, деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті бүгінгі санындағы "Жұт жеті ағайынды" деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, Royal Bank of Scotland (RBS) британ банкі 2019 жылға таман мөлшермен алғанда 14 мың адамды немесе инвестициялық банктік бөлімінің 80 пайызын жұмыстан қысқартуы мүмкін, деп хабарлайды Financial Times газеті осы оқиғадан хабары бар екі дерек көзіне сүйене отырып. Басылымның деректеріне қара­ғанда, қазіргі уақытта RBS-тің инвес­тициялық банктің бөлімшелерінде 18 мың адам жұмыс істейді. Қысқартуға жатқызылатын адамдардың нақты санын газетке болуы мүмкін оқиғаны жеткізген көздер нақты айта алмаған. Бірақ әрбір бес қызметкердің төртеуі қысқаруы мүмкін деген деректер келтірген. Сонымен қатар, газеттің жазуынша, Белгия астанасы - Брюссель қаласында дәстүрлі такси белгілері бар жүздеген авто­көлік ереуіл шеруін ұйым­дастырып, осы қаладағы Еу­роодақ мекемелеріне кіретін кіреберістерді жауып тастады. Арнаулы лицензия бойынша жұмыс істейтін такси жүргізушілері ел астанасына Uber қызметін енгізуге деген қар­сы­лық­тарын осылайша танытты. Uber қызметін әдетте әуесқой жүр­гізушілер көрсетеді. Олардың рө­лін­де отырғандардың өз қызметтері бар. Ал таксист қызметімен олар қол­дары бос кезінде қосымша табыс табу үшін шұғылданады. Көбінесе жеке адамдардың шақыртуы бойынша жұ­мыс істейді. Бұл көлік қызметінің бір ерекшелігі оларды мобильдік үстемелер арқылы шақырып алуға болады. Таксистердің айтуынша, бұл қызмет америкалықтар ойлап тапқан жауапсыз идеялардың бірі. «Мәселен, сіз Uber жүйесін пайдалануды жөн көрдіңіз дейік. Бірақ оларда біздердегі секілді сақтандыру шаралары жоқ қой. Егер жол үстінде көлік аударылып апатқа ұшыраса, жолаушы мен жүргізуші жарақат алса, олардың шығынын кім төлеп береді? Көлікті кім қалпына келтіреді? Демек, Uber қызметі әлі толық қалыптаспаған, жете ойластырылмаған іс. Үкіметтің бұл қызметті не үшін қолдайтындығын түсінбедік. Ал біздің сақтандыру белдеуіміз бар. Оның құны маған 3500 еуроға түсіп отыр. Сондықтан біз­дің қызметімізді пайдаланушылар да сақ­тандырылады. Біз олардың барлық шығындарын өтеп береміз», дейді олар. Таксистердің ереуіл шараларының етек алғандығы сондай, оларға қолдау білдіру үшін көрші елдерден де әріп­тестері келіпті. Ал Uber қызметінің операторы болса, өздерін қорғауға тырысып бағуда. Олар биылғы жылдың өзінде еуропалық қалаларда 50 мың жұмыс орнын ашатындықтарын айтады. Себебі, олармен әріптестік қатынасқа түскісі келетін азаматтар көп көрінеді. Сөйтіп, Белгия астанасында кәсіпқой таксист пен әуесқой таксист арасындағы тартыс қазірдің өзінде басталып кетті. Ақыры немен тынатыны белгісіз. *** Қазақстандағы президенттік лауазымнан үміткерлердің саны 14-ке жетті, деп жазады «Айқын» басылымы. «Бірақ адамның арман-қалауы оның тұлғалық қабілет-қарымымен, білімі және біліктілігімен үйлесім тауып, соған сәйкес келсе, орынды болар еді. Осы орайда Орталық сайлау комиссиясына «лайықсыз» болуы себепті, президенттікке өзін-өзі ұсынушылардың бірнешеуін кандидат ретінде тіркеуден бас тартуға тура келіп отыр», - делінген «Тағдырлы таңдау тек лайықтыларды талап етеді» атты мақалада. Дүйсенбі күні ОСК қабырғасында бірнеше жиын-отырыстар өтті. Оларда елімізде Президенттің мерзімінен бұрынғы сайлауы науқанының өту барысы туралы егжей-тегжейлі мәліметтер жария болды. «Сонымен, 2-9 наурыз аралығындағы кезеңде Ортсайлаукомға «2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына» қатысу туралы барлығы 14 адамнан өтініш келіп түскен. Оның 13-і - өзін-өзі ұсынғандар. Бұлар: Сырғабаев Асқар Жорабайұлы, Алдажанов Сафиолла Қалабайұлы, Қойшиева Лимана, Әбдікәрімов Бақыт Төлегенұлы, Мырзашов Сухраб Аминжанұлы, Үктешбаев Есенбек Жапарұлы, Джунисбеков Якобжан, Жұман Қайрат Тоқтарұлы, Серғазин Ержан Мерекеұлы, Маишев Қайрат Әлембайұлы, Қайсаров Уәлихан Әбішұлы, Естемесов Бахтияр Өксікбайұлы және Турагелдиев Қанат Сбашұлы. Бұлардың сыртында «Қазақстан коммунистік халық партиясы» өз кандидаты ретінде Сыздықов Тұрғын Ысқақұлын ұсынды», - делінген мақалада. «Айқын» газетінің жазуынша, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында еліміздің 1 357 азаматы баспаналы болады. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевтың баяндауынша, аталмыш холдинг 20 наурыз күні «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілттерін тапсырады. «Осы мақсатта Астана қаласында жалпы көлемі 7,5 мың шаршыметрді құрайтын 86 пәтер сатып алынды. Алматыда жалпы көлемі 37 мың шаршыметр 708 пәтерлі және жалпы көлемі 6,5 мың шаршыметр 95 пәтерлі дайын 2 нысан сатып алынды. Көкшетау қаласында дайын тұрғын үйден жалпы көлемі 19,5 мың шаршыметр 337 пәтер қолданысқа алынды. Семейде жалпы көлемі 5 мың шаршыметр 120 пәтер, оның ішінде 60 пәтер наурыз айында, ал қалған 60 пәтер сәуір айында тұрғындарға тапсырылмақ. Қостанай қаласында жалпы көлемі 750 шаршыметр 11 пәтер сатып алынған. Жалпы алғанда, тек наурыз айында жалпы көлемі 76,5 мың шаршыметрге тең 1 357 пәтер тұрғындардың игілігіне беріледі» деді басқарма төрағасы. Оның сөзінше, биыл 9 мың адам арендалық пәтерге қол жеткізеді. Бұл үшін нақты жоспар жасалған», - делінген материалда. Толығырақ, «Нұрлы жол»: 1357 адам баспаналы болады» атты мақаладан оқи аласыздар. *** Ақтауда "Жедел жәрдем" көлігінің жүргізушісі 16 жастағы жасөспірімді соғып кетіп, оқиға орнынан ізін суытқан, деп жазады «Экспресс-К» газеті «Будем лечить или пусть живет?» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, бозбала аман қалған, ал жүргізуші бірнеше сағаттан кейін қолға түскен. Зардап шеккен жасөспірім бірнеше жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Ем-дом алғаннан кейін оған үйіне қайтуға рұқсат берілген. Ал 27 жастағы жүргізуші жасаған ісіне өкініш білдіріп, ешқайда шықпау туралы қолхат жазып берген.