Жүйені алдай алмайсың – Үкіметтің алғашқы көшпелі отырысы әзілден басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметтің көшпелі отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік қызметтерді онлайн көрсетуге жасанды зейінді қалай енгізіп жатқанын баяндады.
Жасанды зейіннің мемлекеттік қызмет алушымен онлайн режимде қалай тілдесетінін іс жүзінде көрсеткен министр мысал ретінде өз цифрлық қолтаңбасы арқылы некені тіркеуге өтінім берудің жолын көрсетпек болған. Алайда жасанды зейін деректер базасынан министрдің бұған дейін некеге тұрғанын анықтап, өтінім қабылдаудан бас тартты.
- Ал сіз тіркеуден өтіп кетемін деп үміттендіңіз бе? - деп әзілдеді Премьер-Министр Олжас Бектенов.
Жаслан Мәдиев Үкімет басшысының әзіліне әзілмен жауап қатты:
- Жүйені алдай алмайсың.
Айта кетейік, eGov жүйесінде виртуалды көмекші пайда болды. Үкіметтің көшпелі отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев осындай мәлімет келтірді.