Жүйкесінде ауытқуы бар қызылордалық тұрғын үйді «жарып жібермек» болды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- 7 тамыз күні түнгі сағат 03.20 шамасында Қызылорда қалалық ІІБ  Жедел басқару орталығының «102» нөміріне белгісіз азамат хабарласып, 2 газ баллоны мен 7 дана гранатаның көмегімен Панфилов көшесі бойындағы тұрғын үйді жарып жіберетіндігін айтқан. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД сілтеме жасап хабарлады.

Оқиға орнына жедел түрде полиция қызметі мен арнайы қызмет түрлерінің күш-құралдары жұмылдырылып, толық тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ешқандай жарылғыш зат немесе күдік тудырарлық құралдар анықталмаған.

Жедел іздестіру шаралары барысында жарылғыш зат туралы хабарлаған 37 жастағы азамат анықталып, Қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілді. Аталған дерек бойынша қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Тексеру кезінде аталған азаматтың жүйке аурулар емханасында есепте тұратыны белгілі болып, ол  дәрігерлердің бақылауына берілді.