Жуықта елімізде 90 балабақша пайдалануға беріледі

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жақын аралықта елімізде 90 балабақша пайдалануға беріледі.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мәлім етті.

Министрдің айтуынша, елдегі білім беру жүйесін дамытуға қатысты басты мәселе - мектеп жасына дейінгі балалардың 100 пайызын мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз ету болып табылады. «Бұндай ауқымды әрі жауапты міндет тіпті КСРО кезінде де қойылып көрген емес. Оны орындау үшін біз жақын уақытта 90 балабақшаны пайдалануға беретін боламыз. Ал жаңа құрылыс нысандарынан басқа 2015 жылға қарай 615 шағын орталық және 163 жекеменшік, 154 коммуналдық меншіктегі ғимараттарды босату есебінен балалар бақшасы ашылатын болады», - деді Б. Жұмағұлов.