Жүз сарбаз, бір мақсат: Jibek Joly арнасындағы жаңа жоба

АСТАНА. KAZINFORM — Jibek Joly телеарнасындағы «100 Sarbaz» әскери-патриоттық реалити-жобасының жаңа маусымы басталды. Еліміздің әр өңірінен іріктелген 100 әскери қызметші он командаға бөлініп, төзімділік, тәртіп пен командалық рухты талап ететін түрлі сынақтан өтеді. «БҮГІН. Live» реалити-шоуында жоба қатысушылары Нұрдәулет Есдәулетов пен Ақниет Дүйсен түсірілім жұмыстары туралы айтып берді.

Фото: Jibek Joly арнасы

2024 жылы эфирге шыққан «100 Sarbaz» жобасы қазақ телевизиясындағы әскери салаға арналған алғашқы ірі реалити-жобалардың бірі болды. Биыл көрерменге оның жаңа маусымы ұсынылып отыр.

Таңғы 5-те ояну, тәулік бойы камера бақылауында болу, суыққа төтеп беру және күрделі тапсырмаларды орындау — қатысушыларды күтіп тұрған сынақтардың бір бөлігі ғана. Жобаның алғашқы шығарылымында-ақ сарбаздардың қатаң тәртіпке бағынуға және жаңа жағдайға бейімделуге тиіс екені байқалды.

Фото: Jibek Joly

— Эфирді барлық жақындарым асыға күтті. Көргеннен кейін сынақтардың шынымен қиын екенін айтып жатыр. Бұл әлі бастамасы, алда тағы 8 эфир бар. Реалити-шоу болғандықтан, өзімізге де қызық болды. Әрине, қиындықтар кездесті. Көрермендер де оның оңай емес екенін өз көзімен көрген шығар, — деді Нұрдәулет Есдәулетов.

Жобадағы 100 сарбаз еліміздің әр өңірінен келген әскери қызметшілер арасынан іріктеліп алынған. Ақниет Дүйсен Ақкөл қаласындағы әскери бөлімде кадрлық офицер болып қызмет етеді. Ал Нұрдәулет Есдәулетов Астанадағы № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлім командирі болып жұмыс істейді.

Фото: Jibek Joly

— Алғашқы күні-ақ бізді далаға алып келді. Суық душ қабылдадық, далада тамақ ішіп, шатырда ұйықтадық. Әскерден келгеніме он жылдан асып кетті, сондықтан бұл жағдайға үйренісудің өзі күрделі болды. Дегенмен, бәріміз жақсы араласып, он күннің ішінде бауырдай болып кеттік. Өте тартысты жоба болды, — дейді Ақниет Дүйсен.

Қатысушылар күн сайын дене шынықтырып, таңғы сағат бесте оянған. Тапсырмалар алдын ала айтылмағандықтан, әр команда өздерін қандай сынақ күтіп тұрғанын білмеген.

— Нағыз әскери күн тәртібі болды деуге болады. Он адамнан тұратын командаларды әр жаққа алып кетіп, қандай тапсырма берілетінін алдын ала айтпады. Жобада су да, тау да, тас та, өрт те болды. Мұның бәрі қызықты өтті. Меніңше, бұл жоба жастардың әскери мамандыққа қызығушылығын арттырады, — деді жоба қатысушылары.

Еске сала кетсек, бұл жолы қатысушылар табиғат аясында — Бурабайда сыналған. Жобаға еліміздің түрлі әскери құрылымдарының сарбаздары қатысты. Олардың қатарында десантшылар, құтқарушылар, арнайы жасақ өкілдері мен әскери кадеттер бар. Сонымен бірге танымал спортшылар, актерлер мен блогерлерден құралған команда да өз күшін сынады.