Бұл жайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Ғылыми кеңестің жиыны барысында мәлім етті.
Қазіргі кезде Елбасының өкілеттілігін ұзарту мәселесі барлық жерде қызу талқыланып жатқандығы белгілі. Осы тұрғыда бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамы да үн қатып, өз пікірлерін ұсынуда.
Жиын барысында қара шаңырақтың профессоры Сұлтан Сартаев дәл қазіргі уақытта басталған жұмыстарды аяғына дейін жеткізетін, халықаралық қауымдастық алдындағы беделімізді одан әрі арттыратын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан өзге көшбасшы жоқ екендігін айтып, өз әріптестерін осы бастамаға қосылуға шақыратындығын жеткізді. Ал ҚазҰУ-дың жастары атынан сөз алған Жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Назира Болдурукова студент жастардың бұл бастаманы толық қолдайтынын айтады. «Біз ҚазҰУ жастары референдумды өткізуге қол жинау үшін бар мүмкіндікті пайдаланамыз», - дейді ол.
Алқалы жиын барысында барлық ғалымдар мен ұстаздар көтерілген бастаманы түрлі дәлелдер келтіре отырып талқылап, бірауыздан қолдау білдірді. Сондай-ақ, ҚазҰУ ғалымдары өз арасынан арнайы комиссия құрып, референдумды өткізуге қажетті қол жинауға шешім шығарды. Ал ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, жұмыс тобы біздің сенімімізді ақтайды деген ойын білдіріп, келер жылдың 6 қаңтарына дейін қол жинайтын комиссия мүшелеріне сәттілік тіледі.