Жүзу маусымының ашылуы алдында 4 мыңнан астам су қоймасы тексерілді - ҚР ТЖМ

АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздегі жүзуге және демалуға пайдаланылатын 4 мыңнан астам су қоймасын тексерді.

Бұл жайында Рrimeminister.kz сайтына берген сұхбатында Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаменті директорының орынбасары Алексей Советов мәлім етті.

«Жүзу маусымының ашылуы қарсаңында жүзуге және демалуға пайдаланылатын 4 мыңнан астам су қоймасына түгендеу жасалды. Қауіпті заттардың бар-жоқтығын тексеру үшін су қоймасының түбінде суасты жұмыстары жүргізілді», - деді А.Советов.

Сонымен қатар, ТЖМ өкілінің айтуынша, су қоймаларының жанында орналасқан 200 балалар лагері ерекше бақылауға алынған.

Айта кету керек, еліміздің су қоймаларында азаматтардың өлім-жітіміне жол бермеу үшін, әсіресе 2013 жылдың жүзу маусымында, министрлік 58 су-құтқару стансасының жеке құрамын, 22 құтқару бекетін, 7 оңтайлы-іздестіру тобын және су-құтқару қызметтерінің 13 апаттық-құтқару отрядын жасақтады.