Жыл аяғына дейін салынып жатқан «Алматы - Талдықорған» автожолының бір бөлігі пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл аяғына дейін «Алматы - Талдықорған» автожолының 10 километрі пайдалануға беріліп,141 км бойынша қозғалыс ашу жоспарлануда, деп жазады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің ресми сайты.

Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жалпы ұзақтығы 245 км автожолдың 9 учаскесінде жүргізілуде. Қайта салу нәтижесінде «Алматы - Талдықорған» тас жолы 4 және 6 жолақты қозғалысты, I техникалық категорияға көшіріледі. Ағымдағы жылы құрылыс ұзақтығы 245 км учаскеде 2,2 мың текше метр мөлшерінде топырақ төсеу жұмыстары жүргізіліп, құм және қиыршық тас қоспасынан 24,3 км төсеме қабаты салынды. 27 км шағыл тас және құм қоспасының астыңғы қабаты және 24 км жоғарғы қабаты, 14 км цемент-бетон қабаты төселініп, 47 жасанды құрылыс салынды және жөнделді.

Сонымен қатар, су бұрғыш науалар және су қабылдағыш камералар мен құдықтар орнатылды; жұмысшыларға вахталық қалашықтар салынып, сол жерлерде жол-құрылыс техникасын жөндеу мен күтіп ұстауға арналған базалар ұйымдастырылды.

Жалпы учаскедегі жұмыстарға 1 008 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылып, 1 787 жұмыс орны ашылды.

«Алматы - Талдықорған» жолының құрылысын толықтай аяқтау 2016 жылға белгіленген.