Жыл басталғалы Ақтау қаласында 29 жол-көлік оқиғасы болды

None
АҚТАУ. 3 cәуір. ҚазАқпарат - Жыл басталғалы Ақтау қаласында 29 жол-көлік оқиғасы болды.

Олардың салдарынан 2 адам қаза болып, 15 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Бұл туралы Ақтау қалалық ІІБ Жол полициясы бөлімінен хабарлады.

Бүгінгі таңда Ақтау қаласында 76 504 көлік құралы тіркелген. Жыл сайын шамамен 8-9 мыңға көбейіп отырған көлік құралдарына қаладағы жол тораптары тарлық етуде.

«Қаладағы жол көлік оқиғасының басты себептері жол қозғалысы ережелерінің  өрескел бұзылуынан, атап айтқанда, жүргізушілердің көлік жылдамдығын шектен тыс арттыруы,  жол қиылысында тиісті заңдылық талаптарын орындамау, жаяу жүргіншілерді өткізбеу, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерлерден өтуі жол апаттарын туғызады»,- дейді АҚ ІІБ ЖПБ бастығының міндетін атқарушы Нұржан Махмұтов.

Автокөлік жүргізушілеріне ғана емес, жаяу жүргіншілерге де жол ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 473 -1 бабына сәйкес, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 8090 теңгеге айыппұл салынады.  

Аға лейтенант Н.Махмұтовтың айтуынша, жол апаттарының алдын алу мақсатында қала және облыс көлемінде «Автобус», «Қауіпсіз жол», «Абайла, жаяу жүргінші», «Назар аударыңыздар, балалар!» атты жедел-алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ,  тұрғын үй алқаптарының алдында орналасқан жолдарға, ірі автожолдар бойында, мектептер маңындағы автожолдарда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасанды жол кедергілері орнатылды.